Алдағы уақытта 20 қала мен 50 ауылда ойын алаңдары салынады
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов пен Халықаралық футбол федерациясының (FIFA) президенті Джанни Инфантино бұқаралық футболды дамытуға арналған жоспарларын айтты. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы хабарлады.
БАҚ өкілдерімен кездесуде Қазақстан футбол федерациясының басшысы футболды сапалы және халыққа қолжетімді етуге жұмыс істеліп жатқанын, бұқаралық футболды дамыту үшін бар мүмкіндіктің бәрі жасалатынын, федерация ФИФА-мен үлкен үш бағытты дамытуға келісімге келгенін айтты.
Сондай-ақ ол футбол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жоспарларын атап өтті.
Алдағы уақытта 20 қалада футбол алаңын салсақ, содан кейін ауылдарда алаңдар саламыз. «Ауылдағы футбол» бағдарламасы бойынша 50 ауылда ойын алаңын салу жоспарда бар, – деді ол.
Ал Халықаралық футбол федерациясының (FIFA) президенті Джанни Инфантино кездесуде Қазақстанға футбол инфрақұрылымын дамыту керектігін, стадиондар мен ойын алаңдарын салудың маңызы өте зор екенін айтты.
Қазақстанда ғана емес, әлемнің басқа мемлекеттеріне де инфрақұрылым салудың маңызы зор. Бізде «FIFA – бүкіл әлем үшін» деген бағдарлама бар. Ол бағдарлама әлемдегі бүкіл футбол қауымдастықтарына көмектесуді мақсат етеді. Бюджетіміз – 8 млн доллар. Түрлі жобаларға, инфрақұрылымға арналған, – деді ФИФА президенті.
Сондай-ақ ол футбол инфрақұрылымы мәселесін президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен де талқылағанын, Қазақстанға стадиондарды көбірек салу керектігін ескертті.
Футбол инфрақұрылымына салынған ақша – Қазақстан халқына, жастарына салынған инвестиция. ФИФА-ға да осы іспен айналысу керек, – деді Джанни Инфонтино.
Осы ретте ол шағындау болса да халық жиі ойнай алатын стадиондардың көбірек болғаны маңызды екенін атап өтті.