Қазір қала үшін шайқаста қоян-қолтық ұрысқа дейін барып жатыр
АҚШ Қорғаныс министрлігі барлау қызметінің мәліметтеріне сүйене отырып, Ресей әскерінің Бахмут қаласы үшін шайқаста 80 мыңға жуық сарбазы жараланып, 20 мың адамынан айырылғанын хабарлады.
Қазір Бахмут қаласы үшін шайқас дүниежүзі ақпарат құралдарының назарын өзіне аудартып отыр. Бұл қала үшін қиян-кескі ұрыстар БАҚ-тың басты тақырыптарының біріне айналды. Қала үшін шайқас былтыр жазда басталды. Содан бері Ресей әскері қанша жерден шабуылдаса да әлі күнге дейін Бахмутты ала алмай келеді.
Ал Украинаның қарулы күштері қаланы барынша өз бақылауында ұзақ ұстап, уақытты соза түсуді ойластырып жатыр. Себебі Украина әскері Бахмутты тастап кететін болса, басқыншылар әрі қарай жылжиды деген дерек бар. Сол үшін украин жауынгенлері қаланы барынша ұзақ ұстап тұруды мақсат етіп отыр.
Қазір Ресей әскерінің құрамында Путиннің жеке аспазы басқаратын «Вагнер» жеке әскери компаниясының жалдамалылары соғысып жүр. Олардың дені – Ресей түрмесінен соғысқа шақырылған содырлар.
Қолда бар дерекке қарағанда, 10 айға жуық шайқаста Ресей де, Украина да қала маңында көп адамынан айырылды. АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирбидің айтуынша, соңғы 5 айда Бахмутта Ресей 100 мың әскерінен айырылған. Оның ішінде 80 мыңы жараланса, 20 мыңы қаза тапқан. Жер жастанғандардың басым бөлігі – «вагнерліктер».
Қазір қала үшін шайқаста қоян-қолтық ұрыс қызып жатыр.