Halyq Uni логотип
×

Қорғаныс министрлігі әскерилерге баспана беру тетігін өзгертті

Құжатта 10 жылдан астам тәжірибесі бар әскерилерге баспананы жекешелендіру мүмкіндігі қарастырылып отыр

Қорғаныс министрлігі әскерилерге баспана беру тетігін өзгертті
көрнекі фото: akorda.kz

Қорғаныс министрлігі әзірлеген тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі заң жобасының жаңа редакциясын Парламент депутаттары қарап жатыр. Жаңартылған құжатта практикалық тәжірибе ескеріліп, қолданыстағы тетікті жақсарту шаралары ұсынылған.

Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің 2018 жылғы механизмі бойынша үш жыл ішінде 12 мыңнан астам әскери қызметші үй алған.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігі қарапайым, яғни қаражат әскери қызметшінің жеке арнайы шотына аударылады және оның көлемі отбасы мүшелерінің санына, сондай-ақ қай аймақта қызмет етуіне байланысты. Шотқа түскен қаражатты тұрғын үй сатып алуға да, жалға алуға да пайдалануға болады.

Заңға түзетулер енгізуді қажет ететін негізгі тармақ – тұрғын үйді қалдық құны бойынша жекешелендіру. Бұл өзгертулер еңбек өтілі 10 жылдан асқан әскери қызметшілерге қалдық құнына сәйкес жекешелендіруге жататын тұрғын үйді өз меншігіне ресімдеуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары Мұхамеджан Таласов.

Осы уақытқа дейін әскери қызметшілер 2013 жылғы 1 қаңтарда әскери қызметтегі өтілі 10 жыл, не одан да көп, сондай-ақ еңбек өтілі жоқ әскери қызметшілер болып екі санатқа бөлінді. Сонымен қатар тұрғын үйді қалдық құны бойынша тек бірінші санаттағы әскери қызметшілер ғана жекешелендіре алды. Заңның жаңа редакциясында 2013 жылғы 1 қаңтардағы тармақ алынып тасталды.

Бірқатар түзету мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған әскери қызметшілерге қатысты болып отыр. Олардың 10 және одан да көп жыл әскери қызмет атқарғандарға тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығын беру ұсынылады.

Заңға енгізілетін түзетулер қатарында «Модульдік мобильді тұрғын үй» ұғымын бекіту де бар. Тұрғын үй жетіспейтін, оны жалға алу мүмкіндігі жоқ гарнизондардағы жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда жылжымалы тұрғын үйлерді орнату жоспарланып отыр.

Өзгерістерді қажет ететін тағы бір маңызды мәселе – жекешелендіру құқығының ауысуы. М. Таласовтың айтуынша, Қорғаныс министрлігі заңнамаға енгізуді ұсынып отырған түзетулер әскери қызметші қайтыс болған жағдайда, оның ішінде Қарулы күштерден шығарылғаннан кейін де тұрғын үйді жекешелендірудегі іске асырылмаған құқықты оның отбасы мүшелеріне беруді қарастырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама