Олигархтардың банктерін мемлекеттік қолдаудан айыру ұсынылды
Олардың иелігінде 2 млн гектар жер де бар
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қазақстандық олигархтарға тиесілі банктерді мемлекеттік қолдаудан айыруды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.
30 жылда неше рет банктерді кұтқардық?! Халықтың қазынадағы ақшасымен Тимур Құлыбаевтың, Әділбек Жақсыбековтің және басқа да олигархтар мен жоғары шенділердің банктерін құтқаруды қашан доғарамыз?
Банктерді емес, халықты аштық пен жұмыссыздықтан қорғау керек. Соның бірден-бір жолы – банктерге кепілге қойылған ауыл шаруашылығы жерлерін қайтаруымыз керек. Ол банктердің артында кім тұрғанын, кімнің иелігінде отырғанын және қандай жолмен ауыл шаруашылығы жерлерін кепілге қойып жібергенін қоғам, халық білуі қажет», - деді Бақытжан Базарбек Мәжілістің жалпы отырысында.
Бас прокуратураның мәліметінше, банктер мен каржы институттарының иелігінде кепілдік ретінде 2 млн гектар болатын 3,9 мың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жатыр.
Оны банктер және каржы ұйымдары өздері пайдаланбайды. Олар сол жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруға асықпайды. Осы банктерде кепілге қойылған, қамауда жатқан 2 млн гектар жердің ішінде үлестік ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бар екенін халық біле ме?
Заңсыз, жемқор әкімдердің кесірінен пайлары, яғни шартты жер үлестерінен айырылған ауыл халқы табанын тоздырып, ақиқат іздеу жолында пайларын қайтару үшін соттасып әлек болып жүр. Соттар талап арыздың көпшілігін қараусыз қалдырады, не болмаса талаптың ескіру мерзімін қолданып, үлескерлердің жерлерін банкке кепілге кою туралы келісімшарттарын бұзу туралы талап арыздарын қанағаттандырмай тастайды», - деді депутат.
Оның пікірінше, нақты қадам жасайтын уақыт келді.
Нақты жер реформасын бастап, екінші деңгейлі банктер мен каржы институттарының иелігіндегі жерлерге қамқор болуымыз қажет. Бұл да халықтың жері екенін ұмытпауымыз керек, - деді Бақытжан Базарбек.
Ол Үкімет пен Бас прокуратура төмендегі ұсыныстарды ескеру керектігін айтты:
- Біріншіден, 2025 жылға дейін Қазақстанда жер амнистиясын жариялап, шартты жер үлесінен тұратын және банктерде кепілге қойылған жерлерді үлескерлерге қайтадан қайтаруды көздейтін мемлекеттік жобаны қабылдау керек. Үлескерлерге еркін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен өзге шаруашылық ұйымдардан шығудың заңды мүмкіндігін қарастыру керек.
- Екіншіден, коммерциялық банктердің иелігіндегі 2 млн гектар көлеміндегі жерді мәжбүрлі түрде Жер кодексінің 92-94-бабына сәйкес мемлекеттік меншікке қайтаруды қамтамасыз етуіміз қажет.
- Үшіншіден, қазақстандықтардың шартты жер үлесінен тұратын жер пайдалану құқығын екінші денгейлі банктерде және қаржы ұйымдарында кепілге қоюға мораторий енгізген жөн.