Бұл аурумен ер балаларға қарағанда қыздар көп ауырады
Астанада хирургтер 15 жастағы қыздың асқазанынан шаш ісігін алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ағайынды Гримм ертегілері кейіпкерінің атымен аталған бұл синдром науқас шаш жұтып қойған кезде қойылады. Салдарынан шаш асқазан-ішек жолында жиналып, науқастың ас қорытуына үлкен кедергі пайда болады. Дәл осындай «шаш ісігін» Астанадағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының дәрігерлері науқастың денесінен алып шыққан.
Бұл ауру өте сирек кездеседі. Асқазанда шатасып жиналған шаштың көп мөлшері трихобезоар ауруының немесе «шаш ісігінің» пайда болуына әкеп соғады. Асқазанды біртіндеп «бітеп», жұмысының түбегейлі бұзылуына әкеледі. Пішіні бойынша мұндай ісік асқазан пішініне дәл сәйкес келеді. Ғылыми мәліметтерге сәйкес, Рапунцель синдромы бар пациенттердің 70 пайызын 20 жасқа толмаған қыздар құрайды, – деді №2 КҚБА жоспарлы хирургия бөлімінің меңгерушісі Азамат Оразалинов.
Оның айтуынша, қыз балалар ұлдарға қарағанда Рапунцель синдромына жиі ұшырайды. Әйелдердің шашы әдетте ер адамға қарағанда ұзынырақ, сондықтан асқазанның шырышты қабатында қалып қою ықтималдығы жоғары. Бала шашты жұтқан кезде ісік көлемі ұлғаяды және ол сіңірілмейтін ауқымды массаға жиналады.
Пациенттерде трихофагия белгілерінің пайда болуын, яғни шашты жеуді түсіндіретін көптеген теориялар бар. Мысалы, бала жастағы негатив, стресс, созылмалы тамақтанбау немесе тіпті мәдени дәстүрлердің әсері де болуы мүмкін. Трихофагия және пикацизм (тәбеттің бұзылуы және жеуге жарамсыз заттарды жеуге деген қалау) денесінде темір жетіспейтін адамдарда кездеседі. Ғылымдағы зерттеуге сүйенсек, пациент құрамында темір бар препараттарды қабылдағаннан немесе целиак ауруын емдегеннен соң ғана шаштың түсуі және оны жұту тоқтаған. Бұл аурудың ықтимал себептерін болдырмас үшін міндетті түрде психологтың кешенді көмегі қажет. Өкінішке қарай, көп жағдайда хирургия асқазан-ішек жолдарының жұмысын қалпына келтірудің жалғыз тиімді әдісі болып қала береді, – деп қосты дәрігер.
Ауруханаға түскен баланың ата-анасы алдымен ФГДС процедурасын жүргізген емхана көмегіне жүгінген.
«Науқас 15 жаста, Атырау облысынан, қазір Астана қаласының тұрғыны, тамақ ішкеннен кейін бірте-бірте іштің ауыруы мен құсуына шағымданды. Тексеру кезінде асқазанның трихобезоары анықталды. Бала біздің ауруханаға жіберілді, жоспарлы хирургия бөлімінде Астананың бас балалар хирургы Ринат Байғыреевтың басшылығымен күрделі операция сәтті өтті», – деді Азамат Оразалинов.