Қазақстанда АЭС-тің салынуына Франция да мүдделі

Еркеғали Болатұлы

Француздар өздерінің бірінші АЭС-ті салу жобасын жүзеге асыруға қатысты ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді

фото: avesta-news.kz

Франция Қазақстанда атом электр станциясын салу жобасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді, деп хабарлады ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қазақстандағы атом энергетикасын дамыту келешегі талқыланды. Француз тарапы Қазақстанда бірінші АЭС-ті салу жобасын жүзеге асыруда, сондай-ақ шағын модульдік реакторларды дамыту келешегін зерделеу бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді, - деп жазылған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің министр-делегат, Қазақстан – Франция үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Оливье Бехтпен кездесу қорытындысы туралы хабарламада.

Айта кетсек, тараптар жаңартылатын энергия көздерін дамыту, декарбонизациялау бойынша кешенді мақсаттарға қол жеткізу және Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық қарым-қатынасты нығайту мәселелерін талқылаған еді.

Сондай-ақ министрлер Мирный қаласындағы 1 ГВт жел электр станциясы жобасындағы соңғы жетістіктерді, осы ынтымақтастықтың негізі болған биыл 29 сәуірде ҚР Энергетика министрлігі, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ және Total Eren компаниясы арасындағы келісімді құптады.