Астанада 2023 жылғы шахматтан әлем чемпионаты өтті. Онда қытайлық шахматшы Дин Лижэнь әлем чемпионы атағын жеңіп алды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев классикалық шахмат бойынша әлем чемпионы атағы үшін сайысқа түскен Ян Непомнящий мен Дин Лижэньді, сондай-ақ Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворковичті қабылдады.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада 2023 жылғы шахматтан әлем чемпионаты өтті. Онда қытайлық шахматшы Дин Лижэнь әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Астанада өткен кездесу барысында қытайлық гроссмейстер Дин Лижэнь Қазақстан президентіне шақырғаны үшін алғысын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев жауап ретінде шахматшыға қытай тілінде сөйлеп, Дин Лижэньнің табанды күресте әлем чемпионы атағын жеңіп алғанын атап өтті.
«Мен, ең алдымен, Дин Лижэнь мырзаны тартысты өткен сайыста әлем чемпоны атағын жеңіп алуымен құттықтағым келеді. Сондай-ақ, гроссмейстер Ян Непомнящийге көрсеткен шеберлігі үшін құрметімді білдіремін. Әлемнің бүкіл шахмат қоғамдастығы турнирге назар аударды. Шахмат жанкүйерлері шаршы тақтадағы ойынды жіті бақылады. Турнир сәтті өтті деп есептеймін», - деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанда шахматты дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін айтты.
«Бүгінде елімізде 200 мыңнан аса адам шахматпен шұғылданады. Қазақстан Республикасы Шахмат Федерациясының көмегімен және ФИДЕ-нің атсалуымен бұл көрсеткіш кемінде екі есе артуға тиіс. Қазақстанда шахмат тиісті деңгейде дамиды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Біз сізбен кездескенімізге өте қуаныштымыз. Мен өзімнің жеңісіме және осы турнирге қатысқаныма өте қуаныштымын, ойыннан үлкен әсер алдым», - деді қытайлық гроссмейстер Дин Лижэнь.
30 сәуірде Астанада шахмат бойынша әлем чемпионаты аяқталды. Сайыста қытайлық Дин Лижэнь мен ресейлік Ян Непомнящий жеңіс үшін шайқасты. Қарсыластар классикалық уақыт бақылауымен 14 партия ойнады, бірақ жеңімпаз анықталмады. Титулдың тағдыры тай-брейкте шешілді, нәтижесінде Лижэнь жеңіске жетті.