Компания олардың қауіпсіздігіне жауап беретінін айтқан
Қарулы қақтығысқа қарамастан Суданда 11 қазақстандық қалды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қарулы күштер мен жылдам қолдау күштері арасындағы қақтығыстың күшеюіне байланысты Қазақстаннның Мысыр мен Эфиопиядағы елшіліктері және Джидда қаласындағы Бас консулдығы Қазақстан азаматтарын Суданнан эвакуациялау мәселесін пысықтады.
Алғашында Судандағы 3 Қазақстан азаматы туралы белгілі болған. Бұл туралы бұрын айттық. Содан кейін БАҚ-та ақпарат жарияланғаннан кейін министрлікке тағы 14 қазақстандық хабарласты. Сонда жалпы 17 азамат болды, - деді ресми СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Айбек Смадияровтың айтуынша, Қазақстан азаматтарының басым бөлігі жергілікті тау-кен компаниясында жұмыс істейді әр бір бөлігі сондағы халықаралық ұйымдарда еңбек еткен.
«Бүгінде шетел елшіліктерімен бірлесіп, 6 қазақстандықты жақын маңдағы елдер арқылы эвакуацияланды. Олар Иордания, Сауд Арабиясы Корольдігі, Жидда қаласы арқылы Суданнан шығарылған еді. Біреуі Түркияға кетті. БҰҰ ЮНИСЕФ-те қызмет ететін Қазақстанның бір азаматы Иорданиядағы ЮНИСЕФ кампусына орналасты, бір отандасымыз өз қалауы бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінде қалды. Қалған 4 Қазақстан азаматы елге оралды», - деді ол.
Ресми өкіл бір топ қазақстандық Суданда өз еркімен қалғанын жеткізді.
Енді Суданда қалған 11 Қазақстан азаматына тоқталайын. Олар өз қалауымен Суданда қалатынын айтты. Олардың 10-ы тау-кен саласында жұмыс істейді, бір қазақстандық Шекарасыз дәрігерлер ұйымының қызметкері. Ол сол жерде қаламын, жергілікті азаматтарға көмектесемін деп шешім қабылдаған, - деді Айбек Смадияров.
Ол СІМ қазақстандықтар жұмыс істейтін Судандағы компанияға хабарласқанын айтты.
«Сізде 10 қазақстандық жұмыс істейді, егер жағдай шиеленіссе, әрі қарай бірлесіп, іс-әрекет жасайық деп келістік. Компания басшылығы егер елдегі жағдай шиеленіссе, онда Қазақстан азаматтары сол компания қызметкерлерімен бірге мемлекеттен шығарылатынын айтты», - деді ресми өкіл.