Мьянмада құлдықтан қашқан қазақ жігітіне қатысты тың дерек жарияланды
Компания адам басына 6 млн теңге сұрап отыр
Мьянмада құлдықтан қашқан қазақ жігітін елге қайтару үшін келіссөз жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, Мьянма мен Таиландтың арасында орналасқан «Алтын үшбұрыш» деген аумақта Қазақстан азаматтары жұмыс құлдығына түсіп жатыр.
Осыған дейін ескерту айтып, ақпарат таратсақ та, қазақстандықтар сол жерге баруда. Кейінгі ақпарат бойынша сол жерде 5 адам анықталды, - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Биыл сәуірде бір адам Қазақстанның Таиландтағы консулына хабарласып, 5 қазақстандық Мьянмада құлдықта отырғаны туралы айтқан. Олар өз еркімен жұмыс істеуге барған.
«Осындай жағдайда бірнеше адамды құтқарған консулдың тиісті тәжірибесі бар. Ол аталған адамдарға құлдықтан босап шығу тәсілдеріне қатысты кеңес берген. Біздің азаматтарды ұстап отырған компания қос ел шекарасының маңында орналасқан.
Қазақ жігіттері сол жердегі өзеннен өтіп, Таиландқа қашатын болып келіскен. Бірақ қашатын күні жарты сағат бұрын ғана консулды ескерткен. Ал консул Бангкоктан аталған шекараға жету үшін автокөлікпен 7 сағаттай жүруі керек. Қазақстан азаматтары компанияның аумағынан шыққан бойда, олардың соңынан компания өкілдері қуған. Бесеуінің төртеуі өзеннен өтіп үлгерген, ал біреуін компания күзетшілері ұстап алған, - деді ресми өкіл.
Таиландқа өткен 4 адамға Қазақстан консулы көмектесіп, олар Бангкокке жетті. 3-4 күнде Қазақстан азаматтары елге оралады.
Мьянмада қалған адаммен бір аптадан бері байланыс жоқ. Сол компанияның басшылығына және күзетшілеріне хабарластық. Олар бізге нақты жауап бермеді. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, олар әр адамға 6 млн теңге сұраған. Қазір келіссөзді жалғастырып жатырмыз. Компания өкілдері жауап берсе, ол жігітті алып шығуға мүмкіндік бар, - деді Айбек Смадияров.