Күзде толық көлемді оқу-жаттығулар өткізу тапсырылды
Алматыдағы қорғаныс құрылыстары мемлекетке қайтарылмақ, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ерболат Досаев Алатау ауданындағы азаматтық қорғаныс құрылыстарының біріне барған. Шамамен 50 жыл бұрын салынған қорғану орны 150 адамға арналған. Стратегиялық маңызды нысанның апатты жағдайда және паналаушыларды қабылдауға дайын емес екендігі белгілі болды.
Азаматтық қорғаныс нысандарын аралау қорытындысы бойынша Ерболат Досаев аудан әкімдігі мен мемлекеттік активтер басқармасымен бірлесіп, 1 ай мерзімде қорғаныс құрылыстарын коммуналдық меншікке қайтару жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Сонымен бірге қала басшысы ықтимал ТЖ жағдайында халықты тіркеу және қабылдау бойынша бірыңғай стандарттарды әзірлеуді және барлық коммуналдық қызметтің дайындығын тексеру үшін осы жылдың күзінде толық көлемді оқу-жаттығулар өткізуді тапсырды.