Президент әлемдік шахмат элитасының өкілдерімен кездесті

Динара Амантай

Мемлекет басшысы Қазақстанда шахматты дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін айтты

Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы әлемдік шахмат элитасының өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев классикалық шахмат бойынша әлем чемпионы атағы үшін сайысқа түскен Ян Непомнящий мен Дин Лижэньді, сондай-ақ Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворковичті қабылдады. Мемлекет басшысы қонақтарға ілтипат білдіре отырып, ФИДЕ аясындағы әйгілі спортшылар қатысқан ең беделді турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Мен ең алдымен Дин Лижэнь мырзаны тартысты өткен сайыста әлем чемпоны атағын жеңіп алуымен құттықтағым келеді. Сондай-ақ гроссмейстер Ян Непомнящийге көрсеткен шеберлігі үшін құрметімді білдіремін. Әлемнің бүкіл шахмат қоғамдастығы турнирге назар аударды. Шахмат жанкүйерлері шаршы тақтадағы ойынды жіті бақылады. Турнир сәтті өтті деп есептеймін, – деді президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанда шахматты дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін айтты.

Бүгінде елімізде 200 мыңнан аса адам шахматпен шұғылданады. Қазақстан Республикасы Шахмат Федерациясының көмегімен және ФИДЕ-нің атсалуымен бұл көрсеткіш кемінде 2 есе артуға тиіс. Қазақстанда шахмат тиісті деңгейде дамиды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу соңында президент шахматшылардың биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді. Сондай-ақ ФИДЕ-мен арадағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру маңызды екенін атап өтті.

Өз кезегінде Халықаралық шахмат федерациясының басшысы Аркадий Дворкович құрмет көрсеткені үшін президентке алғыс айтты.

Біздің соңғы кездесуімізден бері 7 айға жуық уақыт өтті. Осы уақыт аралығында Сіздің жан-жақты қолдауыңызбен Қазақстанда 5 әлем чемпионатын өткіздік. Шахмат спорты Қазақстанда қаншалықты танымал екеніне куәміз. Цифрлар таңғалдырады. Әрі ол келешекте арта түседі. Мен бұған сенімдімін. Өйткені мемлекеттік пен демеушілер тарапынан көрсетілетін қолдау әрқашан жақсы нәтиже береді, – деді ФИДЕ президенті.

Аркадий Дворковичтің айтуынша, әлем чемпионатының аясында көптеген қосымша жарыстар өтті. Атап айтқанда, Қазақстанның әйелдер құрамасының әлем құрамасына қарсы ойыны, балалар турнирлері, әлемнің жетекші шахматшыларының қатысуымен шеберлік сағаттары мен бірреттік ойын сеанстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ ол биыл жазда Қазақстанда алғаш рет мектептер арасында әлем чемпионатын өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Жарысқа кемінде 80 елдің өкілі қатыспақ.

Қытай гроссмейстрі Дин Лижэнь де осы матчқа шақырту алғаны үшін мемлекет басшысына алғыс айтты.

Сізбен кездесу – біз үшін зор мәртебе. Осы турнирге қатысып, жеңіске жеткенім үшін қуаныштымын. Ойыннан керемет ләззат алдым, – деді ол.

Өз кезегінде гроссмейстер Ян Непомнящий Қазақстанда шахматқа қызығушылық жоғары екеніне назар аударды.

«Матч ұйымдастырушыларына, еліңізге алғыс айтамын. Сіздің еліңізде шахматқа деген қызығушылық ұдайы артып келе жатқанын көріп отырмын. Федерацияның жаңа басшылығымен дұрыс бағытта дамып жатырсыздар», – деді ол.