Қарағандылық оқушы «Абай жолы» романының негізінде үстел ойынын құрастырды

Динара Амантай

Absolutely obsolete үстел ойынында қазір 60 карта бар

Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қарағанды қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Томирис Бақыт Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде Аbsolutely obsolete үстел ойынын жасады, деп хабарлады Halyq uni тілшісі.

Томиристің айтуынша, үстел ойынын құру идеясы «Абай жолы» романын оқу кезінде пайда болған. Ойынның арқасында бос уақытты қызықты өткізіп қана қоймай, қазақ әдебиеті және мәдениетімен жақынырақ танысуға болады.

Романның бірінші томын оқығанда маған көптеген сөздер мен дәстүрлер түсініксіз болды. Мен өз құрдастарымнан сұрағанымда, адамдардың көбісінде осындай проблема бар екенін түсіндім. Сондықтан шығарманы түсініп оқып, сөздік қорын арттыру үшін мен осындай ойын ойлап таптым, – деді Томирис.

Бойжеткен өзінің жетекшісі Бақыт Мекеевамен бірге жобамен әрі қарай жұмыс істейтін болады. Томирис «Абай жолы» романында сипатталған батырлар мен рулар туралы бөлім, яғни кейіпкерлердің шығармадағы рөлі және олар қатысқан оқиғалар туралы сұрақтары бар карточкаларды қосуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Absolutely obsolete үстел ойынында қазір 60 карта бар.

Оқушы қыз өзінің болашағын биологиямен байланыстыруды жоспарлап отыр.

Менің сүйікті пәндерім – Қазақстан тарихы, тілдер мен биология. Мен бірнеше тілді үйренгім келеді. Ал мамандық тұрғысынан биолог болғым келеді, – дейді Томирис.