Қазақстандық мамандар автожол құрылысы бойынша Қытай тәжірибесін үйреніп жатыр
Екі ел арасында өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары Қытайға барып, көршілес елдің жол құрылысы саласын нормативтік тұрғыда реттеу, жобалау, құрылысты жүргізу, жолды пайдаланып, автожол құрылысындағы экономикасымен танысып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ИИДМ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақстандық мамандар Қытай Халық Республикасының жол-құрылыс саласындағы техникалық базасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Делегацияның құрамында институттың вице-президенті Серік Өмірбаев, Жол-құрылыс материалдары және жаңа технологиялар департаментінің директоры Әсел Нұғманова және басқа да мамандар бар.
Жұмыс барысындағы кездесулердің бірінде институт өкілдері Цзянсу Көлік институтымен (Jiangsu Transportation Institute) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
JSTI-мен арада ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, екі елдің жол-зерттеу институтын құрып, ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Қытайдағы нормативтік-техникалық базаны реформалау мәселелері қаралып, жаңа технологияларды енгізу тәртібі зерттелді. Сондай-ақ тығыз ынтымақтастықты арттыру жөніндегі алдағы жоспарлар пысықталды, – деді Әсел Нұғманова.
Еске сала кетсек, «ҚазжолҒЗИ» АҚ еліміздегі автожол саласының нормативтік-техникалық базасын реформалау бойынша жұмыстарды жүргізіп келеді. Ұйымның сарапшылары жаңа технологиялар мен әлемдік тәжірибені ескере отырып, жол саласы нормативтік базасының жаңа құрылымын әзірлеп жатыр. Аталған міндет таяу және алыс шетелдердің озық тәжірибесі негізінде жүзеге асырылмақ. Осыған байланысты жоғарыда аталған меморандум жасау бойынша бастама көтерілді.
Жол саласының сарапшылары кейінгі 10 жылда ҚХР-да жол құрылысы сапасының айтарлықтай өскенін атап өтті. Осы ретте Қытайдың жүрдек автомобиль жолдары мен басқа да жоғары деңгейлі автокөлік жолдарын айтарлықтай жылдам дамытуда тәжірибесі мол екенін айта кеткен орынды.