Марқұмның 13 жастағы қызы да ауыр жарақаттар алған
Ақтөбеде 35 жастағы әйел адам мен 16 жастағы баласын аяусыз өлтірген күдікті тергеу изоляторының әжетханасында асылып қалған.
Бұл ақпаратты Massaget тілшісіне Ақтөбенің қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өкілдері растады.
Жантүршгерлік оқиға 29 наурызда Ақтөбеде болған еді. Оқиға қаладағы Жеңіс даңғылында № 30 үйде болған. Күдікті 35 жастағы әйел адам мен 16 жастағы баласын аяусыз өлтірген. Марқұмның 13 жастағы қызы да ауыр жарақаттар алған. Ол жедел ауруханаға жеткізіліп, артынша операция жасалды.
Ақтөбенің қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, тергеу-қамауға алынған адамды түнде мекеме қызметкерлері тапты. Кезекші ауысыммен дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қабылданған шараларға қарамастан, күдіктіні құтқару мүмкін болмады. Оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасы күдіктінің қайтыс болғанын анықтады.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келген.
«Оқиға Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді, ҚР ҚК 105-бабы бойынша соталды тергеу басталды (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу). Қазіргі уақытта облыстық Департаменттің қызметкерлері қызметтік тексеру тағайындады, оның нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатын болады», - деді департамент өкілдері.