Ақтөбе облысында 6 мың жас домбырашы бір мезетте күй шертті
Облыс орталығында мейрамға орай Dombyra party шарасы өтті
Бүгін Ақтөбе өңірінің барлық аудандарында және облыс орталығында Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге арналған «Ел бірлігі: қасиетті домбыра» атты Dombyra party шарасы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңір әкімі Ералы Тоғжанов, қоғам өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысқан. Облыс әкімі Қазақстан халқының бірлігі күні достықты, патриотизм мен бейбітшілікті насихаттайтын мереке екенін атап өтті.
Біздің тәуелсіздігіміз бірлікпен, қоғамдық келісіммен және тұрақтылықпен тығыз байланысты. Бірлік күнінде ұйымдастырылған «Ел бірлігі: қасиетті домбыра» шарасын өткізуіміз өте символдық мәнге ие. Өйткені домбыра – қазақ халқының музыкалық мәдениетінің басты символы. Ұлы даланың ұлттық аспабының үні Ақтөбе шаһарына, барлық аудан орталықтарына жеткізілді. 6 мың бала қазақ халқының көрнекті композиторларының өлмес шығармаларын бір мезетте орындау арқылы ұлттық музыкалық аспапқа деген сүйіспеншілігін көрсетті. Бұл үшін көп рахмет. Осындай өскелең ұрпағы бар Қазақстанның болашағы зор, – деді өңір басшысы.
Ақтөбеде Dombyra party акциясы Өнер орталығынан бөлек, Шығармашылық академиясы ғимараты алдында, Есет батыр шағын ауданының Есетбатыр ескерткіші жанындағы алаңы секілді бірнеше жерде бір мезгілде өтті. Іс-шараға қатысушылар Ахмет Жұбановтың «Би», Құрманғазының «Балбырауын» және Ә. Желдібаевтың «Еркесылқым» күйлерін орындады.
Облыс әкімі қазақ музыкалық аспаптарының үйірмелеріне баратын этнос өкілдерінің оқушыларына домбыра табыстады. Дарынды жастарды қолдау мақсатында тағы бірнеше балаға музыкалық студияда ән жазуға сертификаттар табысталды.