Ұшқыр бәйгенің жарыстары әр 2 апта сайын өткізу жоспарланып отыр
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай, Алматы облысының Талғар ауданындағы Қобланды батыр атындағы ипподромда Мәдениет және спорт министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұшқыр бәйгеден Qazaq World Cup турнирі өтеді.
Жүлде қоры – 17 700 000 теңге болатын жарысты Ұлттық спорт қауымдастығы, Алматы облысының әкімдігі, республикалық «Бәйге» Федерациясы, «Қазақ Жокей Клубы» қоғамдық ұйымы мен «Bayserke Agro» холдингі ұйымдастырып отыр.
Турнирдің ашылуына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, «Қазақ Жокей Клубы» қоғамдық ұйымының төрағасы Мақсат Ахаев арнайы қатысады.
Қазақ «Жылқы – малдың патшасы» деп атқа бұрыннан ерекше құрметпен қарайды. Көшпенді өмір салтындағы бабаларымыз үшін жылқы ұзақ жолдағы серігі де, жауға шапқандағы маңызды қаруы да болған. Тек көлік түрі ретінде қолданып қана қоймай, жылқыны ерекше қасиетке ие деп сенген. Тіпті қазақты «жылқымінезді» деп атау да бір мақтаудың түрі еді. Сондықтан біз үшін өз облысымызда ат спортынан сайыс өткізу – үлкен мәртебе.
Осылай ел намысын асқақтатын мұндай ауқымды жарыс – Алматы облысы үшін абыройлы жоба. Біз халқымызға жақын, қанымызда бар ат спортының дамуына және насихатталуына өз үлесімізді қосуға қашан да дайынбыз», - деді Марат Елеусізұлы.
Сондай-ақ Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов жарыстың маңыздылығына тоқталды.
«Жалпы, ат бәйгесінің қазақ даласында ертеден жалғасып келе жатқан ұлттық спорт түрлерінің бірі екені баршамызға белгілі. Бүгінде бәйге спорты қанатын кеңге жайып, бұқаралық сипатқа ие болып отыр. Ұлттық спортымыздың дамуы, әлемге насихатталуы – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті назарында. Атбегілік – атадан қалған кәсіп әрі өнер. Қазір жастарымыздың арасында тай жаратып, жылқы баптауға ден қойғандар қатары көбейіп жатқанына өз басым өте қуаныштымын!
Бәйгесүйер қауымға қуанышты жаңалығымды жеткізуге рұқсат етіңіздер. Біз енді осынау ұшқыр бәйгенің жарыстарын әр 2 апта сайын өткізетін боламыз. Осындай додалар арқылы біз әлемдік ареналарға шығатынымызға сенімдімін! – деді Исламбек Салжанов.
Сонымен бұл жарыстың жеңімпаздарынан бөлек, көрермендер арасында жалпы жүлде қоры 2 миллион теңгеге жуық болатын «Ең үздік ұлттық киім», арқан тарту, қыз қуу, асық ату, қошқар көтеру сынды ойындардан сайыстар өтіп, соңы елімізге танымал әншілердің қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласады.