Атырау облысында ұлттық спорт түрлерінің дамуы бойынша жиын өтті
Өңірде ұлттық спорт түрлерімен шұғылданушылар саны 22 мыңға жуық адамды құрайды
Бүгін Атырау университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаевтың қатысуымен «Атырау облысындағы ұлттық спорт түрлерінің дамуы» тақырыбында жиын өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Шараға ұлттық спорт түрлерінен Атырау облыстық федерация басшылары, аға жаттықтырушылар мен мамандар қатысты.
Атырау облыстық спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова облыстағы ұлттық спорт түрлерінің дамуы жөнінде баяндама жасап, статистикалық мәліметтерді жариялады. Оның айтуынша, бүгінде өңірде ұлттық спорт түрлерімен шұғылданушылар саны 22 мыңға жуық адамды құрайды.
Сондай-ақ, жиында саладағы өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолындағы ұсыныстар айтылды.
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Құтжанұлы алда атқарар жұмыстарға тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық спортты дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді және ұлттық спортымызды Олимпиадалық спорт түрлерімен терезесі теңдей етіп көтеру жайын, сонымен қатар келесі жылы елімізде өтетін V-Көшпенділер ойындарын өте жоғары деңгейде өткізу керектігін тапсырған болатын. Осы орайда, аталмыш Концепцияны әзірлеу үшін, ұлттық спорттағы заңнамалар мен ережелерге өзгерістер енгізуіміз үшін алыс-жақын шетелдерден және еліміздің барлық өңірлерінен кәсіби әрі білікті ғалымдар мен мамандарды жұмылдырып, жүйелі әрі сапалы жұмыс істейтін боламыз. Оған мына отырған сіздер де атсалысуларыңыз тиіс. Алда бізді үлкен жұмыстар күтіп тұр. Сол себептен баршаңызды бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді Тастанбек Есентаев.
Шара соңында жиынға қатысушылар алдағы уақытта ұлттық спорттың мәртебесін көтеру жолында қоян-қолтық жұмыс істеуге келісіп, нақты жұмыс жоспары арқылы барлық мәселелерді бірлесе шешуге уағдаласты.