9 адамның алды 16 жылға сотталды
Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қаңтар оқиғасына қатысқан 9 күдіктіге қатысты үкім шығарды.
Қаңтар оқиғасынан соң қозғалған қылмыстық іс «Жаппай тәртіпсіздік», «Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық», «Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу» баптары бойынша қаралды.
Полицияның заңды талаптарына бағынбай, тәртіпсіздіктерге қатысқан сотталушылардың бірі – тараздық кәсіпкер Нұрахан Махатов Президенттен араша сұраған еді. Қаңтардағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген айып тағылған кәсіпкер 6 жылға сотталды.
7 сәуірдегі сот тыңдалымында прокурор Ербол Жұмановты 20 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Ол ҰҚК полковнигі Әділбай Дастанды өлтірді деп айыпталған. Ербол Жұманов 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айыптаушы А. Сағынтай, Е.Абдулаевқа – 7 жыл, бала кезінен эпилепсиямен ауыратын, ІІІ топтағы мүгедек Д. Нұралиевке – 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындауды сұраған.
Сот Е.Абдуллаевқа 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын берді. Ал 1 жыл 6 айға кесілген Қанат Нұраханұлы, Ермахан Сайлауов мерзімін өтеп болғандықтан, сот залынан босатылды.
Прокурор 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған Досмұхамбет Садықов пен Саламат Қосановқа рақымшылық жасалып, сот залынан босатылды.
2022 жылы Жамбыл облысында қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде барлығы 1 587 адам полиция бөлімшелеріне жеткізілген. Олардан жауап алынғаннан кейін 905-сі бірден босатылған. Сондай-ақ 600 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сол кезде 82 адам қамауға алынып, 23 адамның апелляциясы қанағаттандырылған.