46 жастағы қазақстандық алғаш рет жеке куәлік алды
Енді ол мемлекеттік қызметті ала алады
Солтүстік Қазақстан облысында 46 жастағы ер адам алғаш рет жеке куәлік алды, деп хабарлады Polisia.kz.
Қызылжар аудандық пробация қызметі бөлімінің қызметкерлері көші-қон қызметімен бірлесіп, сотталған азаматқа жеке куәлік алуға көмектесті. Инспекторлар қазақстандықты тұрғылықты жері бойынша тіркеп, оған құжатын берген.
Сотталған адамның туу туралы куәлігі мен басқа да маңызды құжаты бала кезінде жоғалған. Салдарынан жаңа құжаттарды рәсімдеу қиынға соққан. Енді ер адамның барлық мемлекеттік қызметті толық алуға, жұмысқа орналасуға, сондай-ақ медициналық және әлеуметтік көмекке жүгінуге мүмкіндігі бар.
Құжатты алуға көмектескен пробация қызметкерлеріне алғыс айтамын. Инспекторлар өтінішіме жедел жауап берді әрі барлық рәсім тез өтті. Енді ресми түрде жұмысқа орналасып, анама көмектесіп, жаңа өмір бастағым келеді, - деді қазақстандық қуанышын жасыра алмай.