Есіл өзеніне батып өлген 100-ден аса сиыр мен жылқының құны сұраусыз
Олар Қаракөл, Қосбармақ, Сергеевка ауылдарының тұрғындарына тиесілі
Ақмола облысының Атбасар ауданында 100-ден аса ірі қара мен жылқы Есіл өзеніне батып кеткен. Бұл туралы бүгін Qazaqstan телеарнасы хабарлады.
Қар аралас жаңбыр жауғанда қатты желмен ыққан мал мұз құрсауында қалып қойыпты. Арам өлген жануарлар Қаракөл, Қосбармақ, Сергеевка ауылдарының тұрғындарына тиесілі.
Қазір жұрт шамасы келгенше жабылып, өлекселерді судан шығарып жатыр. Жергілікті шаруашылықтар халыққа техника беріп, өлген малды арнайы қорымдарға таси бастаған.
Әзірге шығын көлемі есептелген жоқ. Сала мамандары суға батып өлген жануарлардың сақтандырылмағанын айтады. Сондықтан иелеріне ешқандай өтемақы төленбейді.