Қос мемлекет арасындағы байланысты күшейту мәселесі талқыланады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін іс-шаралар аңдатпасы жарияланды, деп хабарлады Ақорда.
Биыл 3-4 мамырда Астанаға Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мемлекеттік сапармен келеді, - деп жазылған хабарламада.
Қос ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамда өтетін келіссөздер барысында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту перспективаларын талқылайды.
Ал 3 мамырда мемлекет басшысы ФИФА президенті Джанни Инфантиноны қабылдайды.
Сондай-ақ 5 мамырда президент – жоғарғы бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Бүкілармиялық кеңес өтеді.
Жиын барысында әскери саланы дамытуға және әскер дайындығына, сондай-ақ Қазақстан армиясын технологиялық тұрғыда жаңғыртуға қатысты мәселелер қарастырылады.