×

Қазақстанда уақытша тұруға өтініш берген ресейліктер 2,5 есе көбейген – ІІМ

ЖСН алғысы келетіндер саны 10 мыңға жуықтаған

 Ербол Тұрымбет 13.04.2022 | 15:04

Биылдыққа Қазақстанда тұруға ықтиярхат алу бойынша өтініш жасаған ресейліктердің саны айтарлықтай ұлғайған. Бұрын 350-400 адам аралығында болып келсе, биыл бірінші тоқсанның өзінде мыңға тарта ресейлік осындай өтініш берген. Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді.  

Ал ЖСН алуға өтініш жасағандар саны шамамен 10 мыңға жуықтаған. Марат Қожаевтың сөзінше, ресейліктердің жаппай ЖСН алуы қауіпсіздігімізге еш әсер етпейді.

«Ресейде банктердің бәрі шектеліп жатыр, swift-карталар жабылып жатыр. Сондықтан олардың өз елінде отырып-ақ электронды түрде ЖСН алуға мүмкіндігі бар. Ол банк картасын алу үшін керек», дейді ол.

Оның сөзінше, банк карталарға ресейліктерге жалақысын, әсіресе шетелден түскен жалақысын алуға керек.

«Көбі IT саласында істеп жүрген адамдар. Оларға қайда жүргені бәрібір. Тек шетелден түсетін ақшасын картамен алу үшін қазақстандық карта аштырады. Сол себепті ЖСН алуға берілген өтініштер санының өсуі байқалып отыр. Бірақ ЖСН-нің азаматтыққа еш қатысы жоқ», - деді Марат Қожаев.

Қазақстанда шетелдіктерге ЖСН мынадай жағдайларда қажет:

  • банкте шот ашу қажет болса;
  • шетел азаматы Қазақстанда орналасқан көздерден табыс алатын болса;
  • салық салынатын мүлікті сатып алу кезінде, мысалы, автокөлік;
  • Қазақстан резиденті - заңды тұлғаның басшысы немесе резидент емес - заңды тұлға филиалының басшысы болып тағайындалған кезде.

Шетел азаматтарына ЖСН алу үшін Қазақстанда болу міндетті емес. Оны сенімхат бойынша істеуге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама