Ұлттық ұлан сарбаздары Павлодарда қашып жүрген қылмыскерлерді ұстады
Олар ізін суытпақ болған
Павлодарда іздеуде жүрген күдіктерлер ұсталды. Бұл туралы ІІМ Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі Бағдат Амангелді айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
27 сәуірде кешкі сағат 20:15 шамасында Павлодар қаласындағы Ломов көшесі бойындағы үйлердің маңында №5512 әскери бөлімінің сақшыларын көрген адам олардан қаша жөнелген. Ұлттық ұлан сақшылары полицейлермен бірлесіп, күдіктіні ұстады», - деді Бағдат Амангелді.
Оның айтуынша, ұсталған ер адам Қылмыстық кодекстің 200-бабы 1-тармағы бойынша («Көлік құралын жымқыру») іздеуде жүрген.
Сондай-ақ ұландықтар сол күні тағы бір қылмыс жасап, қашып жүрген күдіктіні ұстаған.
«Кешкі сағат 21:35 шамасында Катаев көшесі бойындағы үйлердің маңында Ұлттық ұлан сақшыларын көрген ер адам ізін суытпақ болды. Ол ұсталды. Оның кім екенін анықтау барысында күдіктінің 188-бабы 1-тармағы бойынша («Ұрлық») іздеуде жүргені анықталды. Бұған дейін ол ұрлық жасағаны үшін 4 рет сотталған», - деді Ұлттық ұлан өкілі.