Алматыда өртенген үйден ер адамның мәйіті табылды
Өрттің күш алған сәті куәгерлердің телефонына түсіп қалған
Алматыда өртеніп кеткен үйден 58 жастағы азаматтың мәйіті табылды. Оқыс оқиға Түркісіб ауданында болған. Елуінші жылдары салынған бір қабатты барак типтес баспанада төрт отбасы тұрған. 101 нөміріне хабар кеш айтылғандықтан, олар жеткенде өрт күш алып кеткен, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
«Түнде тоғыз жарымда жарық өшіп қалды. Содан кейін сыртқа шықсам, ортаңғы пәтер лаулап жанып жатыр екен. Үшінші үй. Әйелімді шығарып келіп, қайтадан былай жүгіріп келсем, шатырым жанып жатыр екен. Енді үйсізкүйсіз қалдық», - деді Алматы қаласының тұрғыны Дүйсенғалым Тоқтаған.
Өрттің күш алған сәті куәгерлердің телефонына түсіп қалған. Абырой болғанда құтқарушылар іштегі 6 газ баллонын дер уақытында сыртқа шығарып үлгерген. Өрттің жалпы аумағы 280 шаршы метр. От түнгі он жарым шамасында ауыздықталды.
Артынша, пәтер ішінен 1965 жылы туған азаматтың мәйіті анықталды. Ол осы үйдің тұрғыны. Оттың неден тұтанғаны әзірге белгісіз. Тексеру басталып кетті. Жақын жерге жалын шарпып үлгермеу үшін 43 құтқарушы жан-жақтан жабылып өшірген. Бір-ақ сәтте далада қалған төрт отбасының әзірге туыстарының босағасын сағалауына тура келеді. Ондай мүмкіндігі жоқтарды әкімдік уақытша қонақ үйге орналастырды.
Оның ішінде бір отбасы толықтай осы Алматы қаласында туыстары жоқ болғаннан кейін, оларды Түрксіб ауданының әкімшілігі өз қарамағына алып, қонақ үйге орналастырған болатын. Одан бөлек, осы тексеру жұмыстар біткенге дейін сол отбасыға әкімдік тарапынан көмек көрсетілетін болады, - Түркісіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Әміров.