Қазақ-қырғыз «Көкпар» Федерацияларының басшылары кездесті
Тараптар тығыз жұмыс істеуге келісті
Бүгін Астанада ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов пен ҚР «Көкпар» Федерациясының президенті Бауыржан Исабаев Қырғыз Республикасы «Көк бөрү» Федерациясының Президенті Талас Бегалиевпен кездесті.
Жиында қатысушылар қордаланған бірнеше мәселелерді көтеріп, оларды оңтайлы шешу жөнінде, сонымен қатар, көкпар спортының дамуы мен ондағы ережелерді бірлесе бекіту жайын талқылады.
Одан бөлек, тараптар келесі жылы Қазақстанда өтетін V-Көшпенділер ойындарын өте жоғары деңгейде өткізу жоспарын айтып, көкпар ойынын бүкіл әлемге паш ету үшін бірлесе, тығыз жұмыс істеуге келісті.
Сонымен қатар, кездесуде қос елдің федерациялары көкпар ойындарының біржылдық күнтізбелік жоспарын бекіту және оның өтетін орны мен турнир форматын бекіту, көкпар және көк бөрү ойындарының ережелерін заманауи талаптарға сай етіп жасауда сарапшылар мен тарихшыларды, екі жақтың ғалымдарын бірге жұмылдыруға, сондай-ақ, осы жылдың тамыз айында Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында көк бөрүден өтетін халықаралық турнирдің форматын бірге келісті.
Сондай-ақ, бауырлас елдің тараптары алдағы уақытта екі елде өтетін барлық жолдастық және басқа да жарыстарға өз командаларын әкеліп, бір-бірін қолдайтындықтарын жеткізді.
Кездесу соңында бауырлас қос елдің тараптары бұдан былай стратегиялық әріптестік орнатып, әлем халықтарының көкпарға деген қызығушылығын бірлесе арттыруға уағдаласты.