Қазақстандықтарға бала күтімі бойынша 60 млрд-тан аса теңге төленді
Биыл бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұлғайды
Жыл басынан бері 436 мыңнан аса қазақстандық республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем алды. Бұл мақсаттарға 60,6 млрд теңге бағытталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайын республикалық бюджеттен жәрдемақы алатын, жұмыс істемейтін әйелдер саны орташа есеппен 92 879 мың болған, оларға 7,9 млрд теңге төленді.
Осы жәрдемақының мөлшері баланың кезектілігіне байланысты, бүгінде жәрдемақы 5,76 АЕК-тен (2023 жылы – 19 872 теңге) 8,90 АЕК-ке дейінгі (2023 жылы – 30 705 теңге) соманы құрайды.
МӘСҚ-тан 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы төлемнің орташа мөлшері бүгінде 48 511 мың теңге болып отыр. Жалпы сомасы 52,7 млрд теңге төлемді 343 241 мың адам алған.
Еске сала кетсек, биыл 1 қаңтардан бастап мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұлғайды. Бұл норма балалы отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында ҚР Әлеуметтік кодексінде көзделген.
Жыл соңына дейін бала күтімі бойынша төлемдерді 760 мың ана алады деп жоспарланып отыр. Бұл мақсаттарға 334,5 млрд теңге қарастырылған.