Қаңтар оқиғасында қаза тапқан екі краншының жесірлеріне «Қазақстан халқына» қоры бір тиын да бермеген
Айгүл мен Оксана адвокат жалдауға қаражат таппай жүр
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда қаза тапқан кран операторларының әйелдері халықтан көмек сұрап отыр. Жәбірленуші деп танылған оларға «Қазақстан халқына» қорынан көмек көрсетілмеген.
5 қаңтар күні таңертең Ерғали Бекмұратов пен Василий Двенадцатов Алматыдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүргізуші куәлігін алуға кеткен. Екеуі бір ауылда туып-өскен, қаладағы құрылыс компаниясының бірінде кран жүргізуші болып жұмыс істеген.
«Жолдасым Ерғали Бекмұратов желтоқсан айының басында жол-көлік апатына ұшырап, жүргізуші куәлігінсіз жүрген еді. Қаңтардың 5 күні жолдасымның көлігімен мамандандырылған ХҚКО-ға жүргізуші куәлігін алуға кетті. Рөлде ауылдың баласы, өзінің досы Василий болды. Ол да краншы, бірақ басқа фирмада жұмыс істейтін. Сол куәлік алуға кеткеннен екеуі де қайтып оралмады», - дейді Ерғали Бекмұратовтың жесірі Айгүл Балқыбекова.
Айтуынша, соңғы рет күйеуі 5 қаңтарда қызымен сөйлесіп, құжатын алып, үйге қайтатынын айтқан. Содан кейін телефонға жауап бермеген.
«6 қаңтар күні түскі 12-ге қарай ұлымның телефонынан звондадым. Телефон тұтқасын бір медбике көтеріп, «алып кетіңіз» деді. Қайда екенін сұрап едім, 12 ауруханада екенін айтып тұтқаны тастай салды. Екі балам бар, ұлым 11-де, қызым 8-де. Қызым мүгедек, операция жасатқанбыз. Балаларды тастап шыға алмаймын. Сосын күйеуіммен бірге істейтін краншы жігіттерге хабарластым. Олар барып орталық мәйітханадан тапты», - деп қосты ол.
Ерғали Бекмұратовты жақындары туған ауылы Сарығаш ауданына жерледі.
«Көп ұзамай тергеу органдары күйеуімнің мәйтін қазып алды. Мәйтті тексеріп, оқ бауырына тигенін анықтады. Ішкен ештеңесі жоқ. Снайпермен атқан деді. Бірақ кім атты деген сұрақ жауапсыз қалды. Тергеу ештеңе айтпайды. Тіпті, қай жерде болғаны туралы ештеңе білмеймін. Үш айдан бері соны біле алмай жүрмін», - дейді Айгүл Балқыбаева.
Ерғали Бекмұратов пен Айгүл Балқыбаева 13 жыл бойы Алматыда пәтер жалдап тұрып келген. Күйеуі несиесін жапқан соң, ипотекаға пәтер алуды жоспарлап отырған. Қазір асыраушысынан айырылған отбасы мүгедек балаға үкіметтен беретін жәрдемақыға күнелтіп отыр. Ол не пәтер ақысына, не тамағына жетпейді екен.
Бізді жәбірленуші деп таныды. Бірақ «Қазақстан халқына» қорынан материалдық көмек берілген жоқ. Тергеушілер үш ай бойы ештеңе айтпады. Адвокатымыз жоқ, оны жалдауға қаражат керек, - деп түйіндеді сөзін ол.
5 қаңтар күні Ерғали Бекмұратовпен бірге көлікте Василий Двенадцатов болған. Оның жесірі Оксана Двенадцатованың айтуынша, күйеуінің қазасы туралы хабарды 6 қаңтар қайын әпкесі жеткізген.
«Екеуі бір ауылда туған, бірге өскен жақын дос болатын. Бірге жұмыс істеді. Басында снайпермен атқан деді. Сараптама екеуін бір қарумен атқанын көрсетті деді. Күйеуімді тапқанда қалтасындағы құжаты мен телефоны болмады. Арыз жаздым, бірақ заттары әлі табылмады», - дейді Оксана.
Оксана Двенедцатова - Өзбекстан азаматы, ал марқұм күйеуі Қазақстан азаматы. Екеуінің Алматыға көшіп келгеніне бір жыл болған. Қайғылы оқиғаға дейін Оксана балабақшада тәрбиеші болып істеген.
«Үш баламыз Қазақстанда туды. Күйеуімнің қазасынан кейін шарасыз қалдым. Балаларымды Өзбекстанға апарып, өзім құжат дайындап, күйеуімнің ісін соңына жеткізу үшін қайтып келдім. Қазір Қазақстан азаматтығын алу үшін жанталасып жатырмын. Төрт ай бойы күйеуімнің әріптестері - кран жүргізушілері пәтерімнің ақысын төлеп берді. Солардан басқа ешкім көмектесіп жатқан ешкім жоқ», - дейді марқұмның жесірі.
Оксана Қазақстан азаматы болмағандықтан, мемлекеттен берілетін жәрдемақыны ала алмай отыр.
«Бізді қаңтар оқиғасының құрбаны деп таныды. Бірақ мемлекеттен еш көмек берген жоқ. «Қазақстан халқына» деген қор қаңтар құрбандарына ақшалай көмек көрсетіп жатыр деп естідік. Бірақ бізге бір тиын берген емес. Тіпті, мен Қазақстан азаматы болмағандықтан асыраушысынан айырылғаны үшін берілетін жәрдемақыға құжат тапсыра алмадым. Үш баламен далада қалдым, не үйім, не азаматтығым жоқ. Енді сәуір айының соңында азаматтық аламын деп үміттеніп отырмын», - деп қосты ол.
Күйеуінің қазасынан бері үш ай өтсе де, Оксана тергеудің қалай жүріп жатқанынан хабарсыз. Әлі күнге дейін күйеуінің жоғалған заттары табылмаған.
«Іздеп жатырмыз» деген жауапты аламыз. Бір адам келіп көңіл айтқан жоқ. Біз орыс болған соң ба, білмеймін. Көп адамға көмек көрсетілді. Біздің отбасымызға ешкім көмектескен жоқ», - дейді Оксана Двенадцатова.
Қазір бұл екі отбасыға да марқұм күйеулерінің әріптестері ақшалай жәрдем беріп отыр. Тергеудің қалай жүріп жатқанынан бейхабар әйелдердің адвокат жалдауға ақшасы да жоқ. Қазір екеуі белгілі заңгер Айман Омароваға жүгінген.