Прокурор Серік Күдебаевты 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған
Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынып, сот үкімі шығар алдында елден қашқан Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев ұсталды. Бұл ақпаратты Бас прокурор Берік Асылов растап, оның Түркияда ұсталғанын мәлімдеді.
ҰҚК Шекара қызметі 27 наурызда Серік Күдебаевтың Қазақстаннан кеткенін білген. Оны іздестіруге Ұлттық қауіпсіздік қызметінің 300 қызметкері жұмылдырылған.
Айта кетейік, 3 сәуірде Талдықорғанда өткен сот отырысында прокурор Серік Күдебаевтың қылмыстық ісін тоқтатып, оған халықаралық іздеу жариялауды сұрады.
Серік Күдебаевқа сот үкімі 10 наурызда шығуға тиіс еді. Алайда оның ауруханаға түскені хабарланды. Содан кейін сот процесі бірнеше рет кейінге қалды.
Қаңтар оқиғасынан кейін істі болған Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған.
Прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.