×

Алматыда үй салуға еш рұқсаты жоқ компания әлі салынбаған үйдің пәтерлерін сатқан

Тіпті, құрылыс компаниясына үлескерлерден ақша тартуға рұқсат берілмеген

 Ербол Тұрымбет 13.04.2022 | 11:41
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев соңғы уақытта көп қабатты үйлер мен әлеуметтік объектілерді рұқсатсыз салу жағдайы жиілеп кеткенін айтты.

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері құрылыс нысандарында жалпы сомасы 169 млн теңгеден астам 615 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Мәселен, Алматы қаласында тұрғын үй кешендерінің бірінде құрылыс жұмыстары заңсыз жүргізілген. Рұқсат беретін құжаттарды учаскенің меншік иесі де, құрылыс салушы да ұсынбаған. Құрылыс салушы пәтерлерді сатып алу-сату шарттарын жасасу құқығы болмағанына қарамастан, аталған тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер еркін саудаланған. Тіпті, құрылыс салушының үлескерлерден ақша тартуына рұқсат берілмеген.

Осылайша, биыл 28 наурызда Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы кейбір ғимараттарда құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру және анықталған кемшіліктерді түзету туралы ұсыныс берді. Қазір құрылыс жұмыстары тоқтатылып, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң нормаларын бұзғаны үшін құрылыс салушыға қатысты хаттама толтырылды.

Қаңтар-наурыз айларында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауапты комитеті 32 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 26 нұсқама берілген. Сондай-ақ 18 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама