Қарағандыда бірге тұратын әйелі мен 2 жасар қызын кепілге алған ер адам ұсталды
Алдын ала болжам бойынша, ер адам есірткіге мас халде болған.
Қарағандыда «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің қызметкерлері бірге тұратын әйелі мен 2 жасар қызын кепілдікке алған күдіктіні ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
26 сәуірде сағат 12:00 шамасында Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты теміржол полиция бөліміне қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде жанжал болып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел тергеу тобы жіберіліп, хабарлама расталған.
Белгілі болғандай, 24 жастағы ер адам бірге тұратын 21 жастағы келіншек пен 2 жасар қызын пышақпен қорқытып, күштеп ұстаған. Алайда ол ешқандай шарт қоймаған. Қаскөймен арадағы келіссөз 3 сағаттан аса уақыт жүргізілді. Ол сөзге еш көнбеді. Кепілдіктегі адамдардың өміріне қауіп төнгендіктен, полиция қызметкерлеріне шұғыл шешім қабылдауға тура келді, – дейді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері пәтердің есігін бұзған бетте, «Арлан» арнайы жасағының қызметкерлері бірден ішке кіріп, күдіктіні қолға түсірді.
Алдын ала болжам бойынша, ер адам есірткіге мас халде болған.
Әйел мен қызы зардап шеккен жоқ. Олар дағдарыс орталығына орналастырылып, психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 126-бабы 2-бөлігі 3-тармақшасына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.