Halyq Uni логотип
×

Астананың іргесінде Бозоқ қалашығы қайта салынады

Жобаның негізгі мақсаты – ашық аспан астындағы музейде дала өркениетінің озық жетістіктерін көрсету

 Дастан Жұмабекұлы 26.04.2023 | 11:35
Астананың іргесінде Бозоқ қалашығы қайта салынады
фото: Мәдениет және спорт министрлігі

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, Астана қаласының маңында «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы салынып жатыр. Оның аумағы – 412 гектар.

Бұл кешен еліміздегі ең үлкен ашық аспан астындағы музей болып салынады. Қазір музей аумағына қос қапталдан кіруге арналған биіктігі 7 метрден асатын кіреберіс қақпа мен бекініс қабырғаларының құрылысы басталды. Кіреберіс пен бекіністегі мұнаралар сол кезеңдегі технология бойынша арнайы жасалған құрылыс материалдарымен қапталады.  

Жобаның негізгі мақсаты – ашық аспан астындағы музейде дала өркениетінің озық жетістіктерін көрсету. Мұнда Бозоқ қалашығымен қатар, энеолит дәуірінен орта ғасырларға дейінгі кешендердің тарихи реконструкциясы бой көтереді.

Әр кешенде материалдық және рухани мәдениеттің қалыптасу тарихы көрсетіледі: сарай кешендері, ғибадатханалар, тұрғын үйлер, металлургиялық және қыш пештер, ұстаханалар мен шеберханалар, қолөнершілер орамы, ортағасырлық базар, петроглифтер және басқа да құрылыс нысандары бар.

Болашақта «Бозоқ» инновациялық жоба ретінде Астананың ғана емес, еліміздің туристік картасында тартымды мәдени инфрақұрылымға айналады деп жоспарланып отыр. Тарихи-мәдени жоба шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға серпін береді.

Бүгінгі жастар көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын ақпаратты жақсы қабылдайды. Жаңа форматтағы музей оларға сол дәуірдің атмосферасын, халықтың тұрмысын толық сезінуге және дала өркениетінің озық мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді. Бұл жобаның болашақта Қазақстанның танымал туристік брендтерінің біріне айналатыны анық, – деді Мәдениет және спорт министрлігі «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сәуле Бөрібаева.

Оның айтуынша, музей-қорықты ашу ішкі және келу туризмін дамытуға мүмкіндік береді. Астана өңірінің инвестициялық тартымдылығын жақсартады. Қазақстанның Еуразия далалық тарихының сақтаушысы ретіндегі халықаралық имиджінің өсуіне оң ықпал ететін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама