«Тазалық-С» ЖШС сенімгерлік басқаруына алып, тиісті міндеттемелерді орындамаған
Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы құны 1 млрд теңгеден асатын қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және көму комбинаты мемлекетке қайтарылды. Ол 2019 жылы «Тазалық-С» ЖШС-ның сенімгерлік басқаруына берілген болатын. Алайда, Жаңаөзен қаласының прокуратурасы анықтағандай, ЖШС өзіне тиісті міндеттемелерді орындай алмай, комбинаттың жұмысын атқара алмаған.
Маңғыстау облысы прокуратурасының хабарлауынша, комбинат арнайы техниканың жеткілікті санымен қамтамасыз етілмеген, қатты-тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірісі кеңейтілмеген, полимерлі құбырлар өндірісі іске асырылмаған.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша Жаңаөзен қаласының әкімдігі мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына сенімгерлік шартты тоқтата тұру туралы талап арыз беріп, ол толығымен қанағаттандырылған. Апелляциялық сатымен жоғарыда аталған соттың шешімі өзгеріссіз қалды, – делінген хабарламада.
Нәтижесінде баланстық құны 1 млрд теңгеден асатын мүліктік кешен жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне қайтарылды.