Бұл тәжірибені кейбір жұмыс берушілер қолданып жүр
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми өкілі Сәкен Ділдахмет Қазақстанда 4 күндік жұмыс аптасының енгізілуіне қатысты түсініктеме берді. Ведомство өкілінің айтуынша, Еңбек кодексіне енгізілетін өзгеріс жұмыс аптасын толығымен 4 күндікке ауыстырмайды. Бұл жерде жұмыс кестесін кезек-кезек ауыстыру туралы сөз болып отыр.
Өзгеріс аясында 4 күндік, 5 күндік және 6 күндік жұмыс аптасын кезекпен ауыстыру қарастырылады. Мәселен, бір апта 5 күндік болса, екінші аптада 4 күн жұмыс істеуге болады. Бұл жұмыс кестесі қызметкердің өтініші бойынша, жұмыс берушінің келісімімен бекітілуі мүмкін. Сөйтіп, 4 күн жұмыс істейтін қызметкерде қосымша демалатын бір күн пайда болады, - деді ведомство өкілі.
Сәкен Ділдахмет бұл тәжірибені кейбір жұмыс берушілер қолданып жүргенін және ол еңбек саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін айтты.
Құжатқа сәйкес, 2023 жылдан бастап жұмыс берушіге 5 және 6 күндік жұмыс аптасымен қатар, 4 күндік жұмыс аптасын белгілеуге де мүмкіндік берілмек. Өзгеріс заңның 71-бабына жеке тармақ болып енгізіледі:
Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартында 5 күндік немесе 6 күндік жұмыс аптасымен кезектесу құқығымен 4 күндік жұмыс аптасын белгілеуге жол беріледі.