Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі: адвокат тергеуші сотталушының әйелін 111 миллион теңгеге алдағанын мәлімдеді

Халық үні

Тергеуші А.Тәжібаев А. Мұхамедиұлының жұбайы Г.Н. Ысқақованы Астана қаласы Есіл ауданының ІІБ есеп айырысу шотына 111 млн 271 мың 300 теңге салуға үгіттеген

Арыстанбек Мұхамедиұлы, фото: Halyq Uni

Елордада Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның орынбасарларына қатысты сот талқылауы жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Арыстанбек Мұхамедиұлы Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі, 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қасақана қылмыстық құқықбұзушылықтар жасады деп айыпталуда. Яғни қылмыс ұйымдастырды, бөгденің мүлкін жымқырып, қызметтік жағдайын пайдалана отырып, адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы ірі мөлшерде қаржы жымқырды деген күдік тағылды.

«Қазір қаралып жатқан қылмыстық істі қозғауға 2020 жылғы наурызда ҚР Ұлттық музейінің «Әлем музейлеріне Алтын адамның шеруі» халықаралық көрмесін Үндістанда өткізу және ұйымдастыру бойынша мемлекеттік сатып алу кезінде бөтеннің мүлкін ұрлау түрінде жасалған қылмыстар туралы Т. Жаманқұловтың атынан жазбаша өтініш себеп болды. Астана қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің департаменті Т. Жаманқұловтың өтініші негізінде ҚР Ұлттық музейінде аудиторлық тексеру жүргізуге бастамашы болды. Оны Астана қаласы Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы А. Кәукетаевтың тапсырмасымен аудитор Г. Нұркеева «Позитив» жеке кәсіпкерлік директоры М. Мишин мен елордалық сот сараптамалары институтының сарапшысы К. Әбдімомынованың қатысуымен және Астана қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі департаментімен бірге жүргізген», - деді адвокат Мұстахым Төлеев.

Аудиторлық тексеру 2022 жылғы 22 сәуірден 6 мамырға дейін жүргізілген, онда ҚР Ұлттық музейі (директордың орынбасары А. Нұразхан) мен «Эскпонат» ЖШС (директоры А. Жақыпов) арасында жалпы сомасы 1 268 793 000 теңгеге әлемнің 5 елінде «Алтын адамның әлем музейлері бойынша шеруі» көрмесін ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтерді тікелей ұсыну арқылы бір көзден алу тәсілімен бекітілген келісімнің ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңдарының талаптарына сәйкестігі тексерілді.

2020 жылы 20 қаңтардағы № 4 шарттың 2.2 тармағына сәйкес, Ұлттық музей тапсырыс беруші ретінде «Экспонат» ЖШС жұмыстары мен қызметтерін жеткізушіге 2020 жылдың 28 қаңтарында № 18 төлем тапсырмасы бойынша 380 637 900 теңге мөлшерінде 30% аванстық төлем жасаған.

Сондай-ақ аудит 2020 жылғы 20 қарашадағы орындалған жұмыстар актісіне жүргізілді. Ондағы орындалған жұмыстар мен қызметтердің жалпы сомасы 350 115 000 теңге, оның ішінде директордың орынбасары қол қойған ҚҚС 37 млн 512 мың 30 теңге көлемінде, оған музей директорының орынбасары А. Мырзағалиев пен «Экспонат» ЖШС жеткізушісі А. Жақыпов қол қойған.«Аудиторлық тексеру белгілегендей, шығыстардың жалпы сомасы смета бойынша жоспарланған шығыстардан – 350 млн 115, 1 мың теңгеден аспады. Көрмеде қолданылған 35 витрина ҚР Ұлттық музейінің балансына қабылданды және олардың мақсатты пайдаланылуы үшін музей қорында сақталады», - деді адвокат.

Алайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елордалық департаменті анықтау органының өкілі А. Төлендиев 2022 жылғы 22 сәуірдегі Астана қаласы бойынша тағайындалған және жүргізіліп жатқан ішкі аудитпен қатар, 2022 жылғы 28 сәуірде астаналық сот сараптамалары институтына хат жолдап, тауардың сәйкестігін анықтау тұрғысынан, яғни 35 көрме витриналарының техникалық ерекшелігі мен 2020 жылдың 20 ақпанындағы №4 шарт бойынша құнына тауартану зерттеулерін жүргізуді сұраған.

Осыған байланысты астаналық сот сараптамалары институтының сарапшысы К. Әбдімомынова мүдделі тұлға болса да, анықтау органынан аудит жүргізуге де қатысып, сот сараптамалары институтында 35 витрина бойынша тауарлық сараптамалық зерттеу де жүргізген. Нәтижесінде аудитор Г. Нұркеева өз есебінде тапсырыс беруші бекіткен сметада 44 млн 611 мың теңгені құрайтын, қаржылық есепке сәйкес 42 млн 475 мың 800 теңге болған 17 дана ЛДСП корпусы бар витринаның болжамды құнын 6 млн 584 мың 500 теңге мөлшерінде көрсеткен.

Осылайша, сарапшы-маман К. Әбдімомынованың қорытындысы бойынша, 17 дана мобильді витриналардың құны мен қаржылық есепте көрсетілген шығыстар арасындағы айырмашылық 35 млн 891 мың 3 теңгені құрады.

«Музей витриналарының құнын анықтау үшін сарапшы-маман К. Әбдімомынова (бұл тауар ҚР нарығында сериялық өндіріс тауары еместігін, сондықтан оның орташа нарықтық құнын анықтау мүлдем мүмкін еместігін түсініп), 18 дана TIANJIN WANGDA музей витриналарының кедендік декларациясын негізге алған және олардың құнын 24 млн 678 мың 700 теңге етіп көрсеткен. Әйтсе де, шығыстар сметасына, техникалық ерекшелікке және қаржылық есепке сәйкес, олардың құны 132 млн 636 мың теңге мөлшерінде көрсетілген. Осылайша, 2022 жылғы 4 мамырдағы № 68-П қорытындысына сәйкес, 18 дана музей витриналарының құны мен жұмыстар мен қызметтерді жеткізушінің қаржылық есебінде көрсетілген шығыстар арасындағы айырмашылық – 107 млн 958 мың теңгені құрады», - дейді М. Төлеев.

Сонымен бірге, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елордалық департаменті анықтау органының өкілі А. Төлендиев «Мемлекеттік сатып алу туралы«шарт бойынша көрме витриналары құнының ауытқуын анықтау үшін 2022 жылы 4 мамырда «Аудит-Даму» ЖШС аудиторлық фирмасымен шарт жасасқан.

«Даму» ЖШС аудиторы А. Маутқанов нақты қорытындылар бойынша өз есебінде К. Әбдімомынованың 04.05.2022 жылғы қорытындысын қайталап, 2020 жылғы 20 қарашадағы №2 атқарылған жұмыс актісі бойынша тапсырыс берушіге жеткізілген 35 дана көрме витриналары құнының айырма сомасын 178 112 563.00 теңге деп белгіледі және К. Әбдімомынова 2022 жылғы 4 мамырда № 68-П қорытындысында жазған 31 млн 263 мың 201 теңге 55 тиын 146 млн 849 мың 361 теңге 45 тиынды құрады.

»Даму» ЖШС 2022 жылғы 20 маусымдағы кезекті есебінде «Экспонат» ЖШС-нің іс жүзінде орындамалмаған операциялары, оның ішінде жалған қызмет көрсету және тапсырыс берушіге жіберілген тауарлар бойынша шығыстарының сомасы 221 млн 411 мың 730 теңге екені көрсетілген.

«Жоғарыда көрсетілген қарама-қайшы жағдайға сүйене отырып, тергеу органы тығырыққа тіреліп, ҚІЖК 112-бабы 1-тармағының 1-тармақшасының және 2-бөлігінің нормаларында тыйым салынған алдау мен жаңылыстырудың заңсыз әдістеріне жүгінді және құн айырмашылығы бойынша А. Мұхамедиұлының қатысқаны туралы кем дегенде жанама дәлелдер алу мақсатында тергеуші А. Тәжібаев А. Мұхамедиұлының жұбайы Г.Н. Ысқақованы Астана қаласы Есіл ауданының ІІБ есеп айырысу шотына 111 млн 271 мың 300 теңге салуға үгіттеген. Мұны тергеу барысында қамауға алынған А. Мұхамедиұлының келтірілген материалдық залалды өтеу үшін өз еркімен бергендей етіп көрсеткісі келген. Кейіннен Г. Ысқақова көрсетілген ақша сомасын Астана қаласының «Есіл» ауданының мемлекеттік кірістер басқармасына аударып, алданғанын түсініп, Мемлекеттік кірістер комитетіне 111 млн 271 мың 300 теңгені қайтару туралы өтінішпен жүгінген», - дейді адвокат.

Астана қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше, Г. Ысқақова күдікті А. Мұхамедиұлының мемлекетке келтірген материалдық залалын өтеу үшін 111 271 300 теңгені ерікті түрде аударған. Енді Г.Ысқақова бұл қаражатты қайтаруды сұрап отырғанымен, агенттік оны қайтаруға негіз жоқ екенін айтып отыр.

«Айтылғандарды ескере отырып, соттан Г. Ысқақоваға жеке тиесілі 111 млн 271 мың 300 теңгенің тағдырын шешуді сұраймын. Тергеу органы оларды алдау және процеске қатысушыларды адастыру арқылы иемденуіне байланысты оларды неке кезеңінде пайда тапқан ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігі деп танып, А. Мұхамедиұлының үлесін айқындап немесе толық көлемде қайтару туралы қаулы шығаруды сұраймын. Өйткені бұл сома туралы айыптау актісінің мәтінінде олардың шығу тегі мен мақсаты туралы бірде-бір сөз және қорытынды айтылмаған», - деді қорғаушы.

Келесі сот отырысы 25 сәуірге таңғы сағат 9:30-ға белгіленді.