Президент Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Динара Амантай

Мемлекет басшысына елдегі базалық инфляцияның төмендегені баяндалды

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысына Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов биыл бірінші тоқсандағы ақша-несие саясатын іске асыру қорытындысы туралы есеп берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президентке Қазақстанның экономикасы мен қаржы секторындағы ахуал, іскерлік белсенділіктің жақсаруы, депозит нарығының динамикасы, сондай-ақ БЖЗҚ-ның, Ұлттық қордың активтері мен алтын-валюта резервтерінің жағдайы баяндалды.

Ғалымжан Пірматов ай сайынғы және базалық инфляцияның төмендегенін және реттеушінің бұған дейін жасаған болжамдарына сәйкес келіп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар инфляция деңгейі әлі де жоғары күйінде қалып отыр. Бұл қазіргі ақша-несие шарттарын сақтауды қажет етеді.

Мемлекет басшысына жедел төлемдер жүйесінің дамуы және цифрлық теңгені енгізуге дайындық барысы туралы мәлімет берілді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ақша-несие саясатын тиімді жүзеге асыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.