Еліміз бесінші жыл қатарынан 9 мамырда әскери шеру өткізуден бас тартты
Биыл Қазақстанда әскери шеру өтпейді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
2023 жылы Қазақстанда бюджет қаражатын үнемдеу, сондай-ақ басқа да міндеттерді орындауға байланысты әскери шеруді ұйымдастыру жоспарда жоқ. Қазақстан Қарулы күштері бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі мен ұтқырлығына басымдық беріледі, – деп жазылған хабарламада.
Бүгінде Қорғаныс министрлігі әскери-патриоттық іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр әрі ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге құрмет көрсету, соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу, олардың ерлігін БАҚ-та жариялау бағытында жұмыстар жүргізіледі.
Биыл 7 және 9 мамырда өткізілетін іс-шаралар туралы ақпарат министрліктің сайтында жақында жарияланады.