Мәшһүр Жүсіптің шалбары реставрацияланды

Айнұр Шошаева

Көне жәдігер мұражайға табысталды

Коллаж: Halyq Uni

Белгілі ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шалбары қалпына келтірілді. Бұл жаңалықты «Алтын орда» автордық дизайн үйінің директоры Ырза Тұрсынзадақызы сүйіншіледі, деп хабарлайды Halyq Uni.  

«Мәшһүр Жүсіп музейі жаңа жәдігермен толықты. Ақын, тарихшы, этнограф, ағартушы, дала данасы, көріпкел, ғұлама- әулие хәкім Мәшһүр Жүсіп бабамыздың осы уақытқа дейін сандық түбінде сақталып келген тозығы жеткен шалбарын алғашқы қалпына қайта келтіріп реставрация жасау бақыты бұйырды», – деп жазды ол. 

Оның айтуынша, киімді реставрациялауға жарты жыл уақыт кеткен.  

Әулие бабамыздың шалбарын Мәскеу және Бұқара мұражайларына реставрация жасау қажеттілігі жайлы ұсыныстар айтылған екен. Бірақ бұл тапсырыс бойынша ортақ мәмлеге келе алмагандықтан Алланың қалауымен ойламаған жерден мәртебелі қызмет біздің иығымызға түсті. Диаметрі 3-5см аралығындағы 4 жерден желінген жыртықты жамау үшін сол ғасырдың матасын жаңғыртуға байланысты өте күрделі мақсаттың жауабын табу керек болды. Жарты жылдық жұмысымыз Жаратқанның жебеуімен өз мәресіне жетіп көне жәдігер мұражайға табысталды. Мәшһүр бабамыздың аруағы разы болсын! Парызым мен қарызымнан қүтылып, бір шүкір, шүкір дедім, – деп қосты Ырза Тұрсынзадақызы.