Алматыда 300 гектарға жуық демалыс және туризм жерлері тұрғын үй салуға заңсыз берілген

Динара Амантай

Заңбұзушылық фактілері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды

Фото: Halyq Uni

Антикор Алматы қаласының жер қатынастары саласындағы бірқатар бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Антикоррупциялық қызмет Алматы әкімдігімен бірлесіп, тау бөктеріндегі аудандарда жер бөлу және құрылыс салу мәселелерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіп жатыр. Алдын-ала зерттеу құрылыстың барлық кезеңдерінде тәуекелдердің болуын көрсетеді. Бұл жерді бөлу кезінде шенеуніктердің заңсыз әрекеттеріне әкеледі. Салдарынан функционалды аймақтар мен нысаналы мақсаттар өзгереді, кадастрлық құн толығымен төленбейді.

Текскеру барысында Сәулет және қала құрылысы қызметі туралы заңнаманы бұзушылықтар анықталды. Мысалы, 2017 жылдан бастап жаппай демалуға және туризмге арналған рекреациялық аймақтан тұрғын аймаққа 286 гектарға жуық жер аударылған. Бұл өзгерістер экологтардың, СЭС пен өрт сөндірушілердің келісімінсіз жүзеге асырылды. Қоғамдық тыңдаулар өткізілмеді.

Сонымен бірге, қолданыстағы Бас жоспар 2011 жылы өзектілігін жойған, ал жаңасы әлі бекітілмеген. Бұған қоса, төтенше жағдай қызметінің деректері бойынша тасқын, көшкін және сел қаупі аймағында 5 мыңға жуық нысан бар. Оларда 26 мың адам тұрады.

Мысалы, Набережная көшесінде тік беткейдің астындағы сары топырақтарға 12 тұрғын үй салынған.

Соңғы екі жылда ландшафтты заңсыз өзгертудің 26 фактісі анықталды. Мысалы, Наурызбай ауданының тау бөктеріндегі учаскелердің бірінің иесі таулы аймақтағы жерлердің белгілі бір бөлігін рұқсат құжатынсыз бөліп алған. Мамандардың қорытындысы бойынша бөлініп алған жер 100 мың текше метрді құрады. Бұл жерлер сату мақсатында 50 дербес учаскеге бөлінген.

Жердің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша мемлекеттік қызметтерді ұсыну процесінің ашықтығы мен бақылаудың болмауы сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне алып келеді. Алдымен өтініштер Бас жоспарға сәйкес келмеуі және сейсмикалық және су қорғау аймақтарында болу сылтауымен бас тартылады. Кейінірек сол учаскелер бойынша өзгертуге келісім беріледі. Осындай 900-ден аса факт анықталды.

Мысалы, қала тұрғынына учаскелердің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартылып, бірақ біраз уақыттан кейін оларға қайтадан рұқсат берілді. Бұл ретте аталмыш учаскелерінің бірі әкімдіктің лауазымды тұлғасының туысының атына аударылған. Осы процестерге бақылаудың болмауы бюджетке тиісті төлемдердің түспеуіне әкеп соғады.

Соңғы 3 жылда алдын ала деректер бойынша нысаналы мақсаты өзгерген кезде кадастрлық құн айырмасы үшін мемлекетке 500 млн теңгеден аса төлем төленбеген.

Сонымен қатар, тектоникалық үзілім аймақтарындағы жерлер де заңсыз беріліп отырған. Осылайша, жеке компанияның бірі аукцион өткізбестен медициналық орталық салу үшін инвестициялық жоба түріндегі Қазақфильм ауданында жер учаскесін жалға алды. Кейін аяқталмаған нысан пайдалануға берілді.

Агенттіктің хабарлауынша, аталған бұзушылықтар бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр. Олардың шеңберінде лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қаралатын болады. Талдау жалғасып жатыр. Оның түпкілікті нәтижелері бойынша атқарушы және уәкілетті органдардың атына тиісті ұсынымдар енгізілетін болады.