Өрттің аумағы шамамен 500 шаршы метрді құрады
«Алма Арасан» шатқалында таулы жерде құрғақ шөп пен ағаштар өртенді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше сағат 16:28-де кезекші бөлімнің пультіне «Алматы-ҮАК» автожолынан 6 шақырым жерде, «Алма Арасан» шатқалында құрғақ шөп пен ағаштардың жанғаны туралы хабарлама келіп түскен. Шақырту орнына Алматы облысы мен Алматы қаласының ТЖД, «Іле Алатау табиғи паркі» МҰТП күштері мен құралдары жіберілді. Оқиға орнына сағат 17:09-да келгеннен кейін таулы жерде құрғақ шөп пен бір ағаштың (шыршаның) жанғаны анықталды. Аумақтың кімге тиесілі екені анықталып жатыр. Бірлескен жедел қабылданған іс-қимылдармен өрт сағат 18:16-да сөндірілді. Өрттің аумағы шамамен 500 шаршы метрді құрады. Дрон камерасында тепловизорды пайдалана отырып, жасырын жану ошақтарының бар-жоғына аэровизуалды тексеру жүргізілді.
Өртті сөндіруге барлығы 75 адам және 18 техника, оның ішінде Алматы облысы ТЖД-дан 31 қызметкер, 7 техника мен 1 дрон, Алматы қаласы ТЖД-дан 25 қызметкер мен 6 техника, «Іле Алатау табиғи паркі» МҰТП-дан 19 қызметкер мен 5 техника жұмылдырылды.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Мемлекеттік ұлттық табиғи парктің қызметкерлері жану орнында қарауылдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.