×

«Вагнермен» соғысқа аттанған қазақ студенті халықаралық жанжал тудырды

Қазақстандық студенттің туыстары Марғұланды майданға баруға мәжбүр етті деп РФ жағын айыптаса, Ресей жігіттің «өз еркімен барғаны» туралы мойындау видеосын алға тартты

 Халық үні 23.04.2023 | 20:56
Фото: sputnik.by

Былтыр мобилизация басталғанда Ресейде оқып жатқан немесе жұмыс істейтін қазақстандықтар да соғысқа шақыру қағазын алып жатқандарын хабарлаған. Қазақстан тарапы сонда мұны жоққа шығарды. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратқа сенбеуге шақырған, деп хабарлайды inbusiness.kz 

«Қазақстан азаматтарына әскерге шақыру қағазы келіп жатыр деген ақпарат тарады, бірақ шынында бұған дейін Мәскеуде тұратын бір азаматымыздан ғана шағым болды. Сондықтан түрлі қауесетке сенбеуді өтінеміз. Тіпті мұндай фактілер болғанның өзінде ол азамат РФ азаматтығын алуға құжаттарын тапсырған болар, тиісінше, базалардың бірінде тұрған шығар. Қосарлама азаматтығы бар, бірақ оны мойындамайтындар, Қазақстан азаматтығын растайтын құжаттарын өткізбейтіндер жетерлік. Бүгінде ахуал өзгеріп шыға келді де, енді олар соғыстан қашып, Қазақстан азаматтары екенін мәлімдеуге асығуда», – деді былтырғы қазанда СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Шынында, РФ заңы бойынша әскери комиссариаттар арқылы әскерге шақыру тек қана РФ азаматтарына ұсынылады. Ал «Вагнер», «Патриот» және басқа да Ресейде қаптап ашылып жатқан жеке әскери компаниялар өзге елдердің азаматтарын да қатарына қосылуға белсенді үндеп жатыр. Олардың төлеуге уәде еткен қаражатына қызыққан, немесе елімізде кең таралған ресейлік теріс идеологияға сенген қазақстандықтар аз емес.

Томск мемлекеттік университетінің студенті, Қазақстанның 23 жасар азаматы Марғұлан Бекеновтың «Вагнер» құрамында Украина халқының қанын төгуге аттанғаны туралы хабар осы аптада қоғамдық пікірді дүр сілкіндірді. Оның қылығын ақтағаны ма, әлде шынымен солай ма, әйтеуір Марғұланның туысқандары оның ұрыс даласына күштеп жолданғанын мәлімдеді.

Олардың дерегінше, 2023 жылғы 18 наурызда үшінші курс студенті М.Бекенов ресейлік Томск қаласынан кетіп, Краснодар өлкесіне сапарлайды: сонда сүйікті қызы тұратын көрінеді, сонымен көріспек болыпты-мыс. Осыдан кейін ата-анасымен байланысқа шықпай қойыпты. Байланыс бір аптаға үзілген. Артынша Марғұлан анасына хабарлама жіберіп, аман екенін, алайда қоңырау шалуға мүмкіндігі жоқтығын жеткізеді.

Өз перзентінен тосын хат алған Әлмира Бекенова ұлының ресейлік қызына және достарына қоңыраулата бастайды. Олар «вагнерліктердің» Марғұланды өз қатарына қосылуға көндіргенін, сол себепті оны Краснодар өлкесіндегі Молькино елді мекеніне алып кеткенін баяндаған. Молькино хуторының жанында аталған заңсыз әскери құрылымның базасы орналасқан.

Ресейге дереу жол тартқан Әлмира Бекенова содан бері баласын қанқұйлы топтың қақпанынан суырып алуға күш салады, онысынан еш нәтиже шықпаған. Әзер дегенде, 9 сәуірде аталған базаның бақылау-өткізу пунктінде ұлымен жүздесе алыпты.

«Оны автомашинамен алып келді, қасына тікелей командирінің өзі ілесе жүрді. Әңгімелесуге 5 минут қана берді. Еркін әңгімелесуге мүмкіндік бермеді, командирі үнемі әңгімеге араласумен болды. Әлмира ұлынан оның соғысқа ерікті ретінде баруға контракт бекітпегенін, қол қоймағанын және Қазақстан азаматтығынан бас тартпағанын анықтай алды. Марғұлан тамақ, ақша сұрады. Ұсқынсыз күйге түскен, нашар киінген. Марғұланды ол жерде күшпен ұстап отырғаны бетке ұрып тұр», – деп баяндады оның ағасы Дулат Бекенов.

Бұған қоса, Дулат Марғұланның соғыс қимылдары жүріп жатқан аймаққа жіберілгенін 20 сәуірде ғана білгендерін мәлім етті. Шын мәнінде, қазақстандық студент қарулы қақтығыс ошағына 12 сәуірде жіберіліпті.

23 жасар жігіттің туыс-туғандары Қазақстанның да, Ресейдің де құзырлы органдарына шағым бағыттаған.

Бұл хабар ақпарат құралдарында жарияланып, шу шыққан соң Қазақстанның Сыртқы істер министрі үн қатты. Сыртқы саясат ведомствосының ресми өкілі Айбек Смадияров Бекеновтың өзі "Вагнермен" ерікті түрде контракт бекіткен деп табандады.

Сонау Сирияның өзінен «Жусан» операциясы аясында балалар мен әйелдер сыртында, ұрыс салған қазақстандық еркектерді де қайтарған Қазақстан іргедегі елден жас жігітті оралтуға мән бермегенге ұқсайды.

«Қолда бар дерекке жүгінсек, қазақстандық азамат «Вагнер» жеке әскери компаниясымен контрактіге ерікті түрде қол қойған. Қазақстанның Мәскеудегі елшілігі аталған азаматтың туыстарының алғашқы өтініші бойынша Ресейдің жауапты органдарына тиісті сұраулар бағыттады. Ақпарат тексерілуде. Консулымыз азаматтың ағайындарымен тұрақты байланыста», – деп қысқа қайырды СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Енді Ресей жағы арнайы түсірілген видеороликті таратты. Оны қазақстандық ресурстар да іліп әкетті. Бейнеүндеуінде Марғұлан Бекенов РФ Украинада жүргізіп жатқан «арнайы операциясына» өз үлесін қосуға ерікті түрде шешім қабылдағанын мәлімдеді. Осылайша, өзін ұрлап әкетіп, майданға күштеп аттандырды деп санайтын туыстарының сөзін жоққа шығарғандай болды.

«Ақпарат құралдарында мені, Томск мемлекеттік университетінің студентін ұрлап әкетіпті деген жалған ақпарат жайылуда. Жалпы, бұл жалған ақпарат менің анамның кесірінен туындаған сияқты. Ол алаңдап, жаны жай таппай, мені осы жақтан кез келген тәсілмен тартып алғысы келді.«Вагнер» жеке әскери компаниясына мен жігіттермен бірге соғысу үшін ерікті келдім. Сөйтіп, «арнайы әскери операцияға» өз үлесімді қосуға ниеттімін. Өзімді жақсы сезінемін, ұжымым тамаша. Мен өзімді таптым. Мұнда болу ұнайды. Психикалық және эмоционалды жағдайым қалыпша. Қайталап айтамын, мені ешкім де ұрлап әкеткен жоқ», – деп нықтаған Марғұлан Бекенов сөз соңында күлімсіреді.

Еске сала кетсек, Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 172-бабына сәйкес, Қазақстан азаматы шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына жалдамалылық белгілері болмаған кезде қатысса, оған 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге сотталады.

Бірақ Марғұлан «Вагнер» заңсыз әскерилендірілген құрылымы арқылы жалдамалы есебінде қатысып жатқанын өзі мойындады. Ендеше айыбын өзін ауырлатып алып отыр.

Себебі, Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 170-бабының 3-бөлімі бойынша «жалдамалының қарулы қақтығысқа, соғыс қимылдарына немесе конституциялық құрылысты құлатуға немесе оған нұқсан келтіруге бағытталған өзге де күш қолдану әрекеттеріне қатысуы не мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуы» – мүлкi тәркiленіп не онсыз, 7 жылдан 10 жылға дейiн бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Марғұланның ағасы Мағжан Orda.kz порталына сұхбатында оның соғысқа өз еркімен барғанына сенбейтіндерін қадап айтты.

«Бұл жігіт университеттің төртінші курсына аяқ басып тұр, оған адам қырылып жатқан жерге өз бетімен баруының қандай қажеті бар? Біздің СІМ ерікті барды дегенді қалқан етіп отыр. Сонау наурыздан бастап Марғұланның отбасы барлық инстанцияға шағымданып жатыр. Ешқайсысы былқ еткен жоқ.«Сен салар да, мен салар» деп бір-біріне сырғытты, әбден сергелдеңге салды. Елшілік Сыртқы істер министрлігіне, СІМ елшілікке, олар Ішкі істер министрлігіне жолдайды. Тіпті қайтарған жауаптары да ұқсас, бірінен бірі көшіріп алған сияқты. Түсініксіз, шаты-бұты нәрсе. Оның ар жағында адам тағдыры тұрғанын түсінбейді», – деді оның туысқаны.

Оларға қазақстандық омбудсменнің хатшысы дөрекі жауап беріпті:«Мұндай жалғыз сіздер ғана деп ойлайсыз ба? Біздің өзімізде сондай 50 адамның ісі жатыр!» деп қойып қалған. Егер шынымен бір ғана омбудсменде жалдамалы болған елу қазақстандыққа қатысты шағым жатса, Ресей Қазақстан азаматтарын соғысқа аттандыруды конвейерге қойған деген сөз.

«Елу адамның шағымы жатыр дейді. Осы да жауап па? Марғұлан дозақтың ортасына түсті, онда әрбір минут қымбат. Пригожиннің адамдары алғы шепте мыңдап қырылуда. Мынадай сарыауыздарды да сонда тастайды. Кәсіби жалдамалылар солардың артынан басып, мәйіттерінің үстімен жүреді. Біз тіпті бүгінде Марғұланның тірі екеніне де сенімді емеспіз», – деді Марғұланның ағасы Мағжан.

Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінің мәліметінше, бүгінде Ресейдің әртүрлі жоғары оқу орындарында 61 000 қазақстандық студент оқып жатыр. Шетелдік студенттердің саны жөнінен Ресейде Қазақстан бірінші орынды алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама