Алматы тауларында қар көшкіні жүруі мүмкін

Халық үні

Шатқалдарға қосымша бекеттер орнатылды 

фото: gov.kz

Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті мен «Казселденқорға» алдағы күндері қар басқан беткейлерді, тік жартастарды және көшкін қаупі бар аймақтарды айналып өтіп, таулы аймақтарда жаяу жүруден бас тартуға шақырды.

23-26 сәуір аралығында ауа температурасының көтерілуіне және қар жамылғысының тұрақсыздығына байланысты қар көшкіні жүруі мүмкін, деп хабарлайды мегаполистің төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Осы себепті Алматы – Ғарыш станциясы жолындағы Аюсай бөгетінің үстіндегі қар көшкіні қаупі аймағына, Шымбұлақ – Тұйықсу мұздығы жолындағы Эдельвейс қар көшкіні аймағындағы жолдарды шектеу үшін бақылау-өткізу бекеттері қойылды.

Сондай-ақ «Бутаковка», «Қимасар» және «Ақсай» шатқалдарында қосымша бекеттер орнатылды, деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментіндегілер.

«Қар көшкіні кезеңі басталғаннан бері алдын ала жабылған жолдардың учаскелерінде және жету қиын жерлерде жалпы көлемі шамамен 500 мың текше метр болатын 110-нан астам өздігінен қар көшкіні жүрді. Қарды профилактикалық түсіру 20-дан астам рет жүргізіліп, 50 мың текше метрден астам қар массасы түсірілді», - деп хабарлады Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментіндегілер.