Зорлық-зомбылық қылмысын тергейтін арнайы департамент құру ұсынылды

Дәурен Ерболат

Қылмыстық істер уақытында тергелмейді

Фото: Отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия

Қазақстанда зорлық-зомбылық ісін тергейтін арнайы департамент құрылуы керек. Бұл туралы заңгер Айман Омарова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстық істерді тергейтін полиция бөлімдері жоқ.

ІІМ-дегі департаменттер негізінен адамға қарсы жасалған қылмыстық істерді (кісі өлтіру, зорлау және тағы басқа) тергейді. Көбінесе зорлық-зомбылық істері дәлелдердің болмауынан, сараптаманың уақытында тағайындалмауынан және осыған ұқсас себептермен тоқтатылады. Сондықтан біз сексуалдық зорлық-зомбылыққа қатысты істерді тергейтін жеке департаменттер құруды ұсынамыз, - деді Айман Омарова Алматыда өткен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның баспасөз мәслихатында.

Заңгер мұндай істерді тәжірибелі полицейлер тергеуі керек деген ұстанымда. Сондай-ақ ол болашақ мамандарды даярлау ісінде олқылықтар барын атап өтті.

Бізде бірде-бір университет жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтарды арнайы тергеуді үйретпейтінін мойындауымыз керек, - деді заңгер.

Сондай-ақ Айман Омарова Қазақстанға сот психологтары қажет деген ұстанымда. Оған қоса, заңгер кәмелетке толмағандарды жауапқа алу әдістемесін әзірлеуді ұсынды.

Құжатты теоретиктер емес, іс жүзінде дайындайтын адамдар әзірлеуі керек. Өйткені тергеушілер жас балалардан жауап алғанда олардан «Зорладыңыз ба, зорламадыңыз ба?» деп сұрайды. Олар жоқ деуі мүмкін. Кішкентай балаға ондай сұрақты қоюға болмайды. (Мұндай қылмыстық істерді тергеуде, – автор) нәзік сәттер өте көп, - деді құқық қорғаушы.