×

«Қарызға батқан»: «Вагнер» сапына өз еркімен қосылған қазақстандық студент туралы тың дерек шықты

Петропавлдық жігіт өзін ешкім күштеп әкетпегінін айтып, мәлімдеме жасаған болатын

 Халық үні 22.04.2023 | 22:50
Фото: видеодан алынды

«Вагнер» жасағы сапына өз еркімен қосылған қазақстандық студенттің осы жеке әскери компаниямен бірге Украинағадағы қақтығыс аймағына аттанғанын Сыртқы істер министрлігі растады. Ресейдегі дипломаттар жағдайды бақылауға алып, жауапты органдарға сұрау салған, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Мұның алдында Марғұлан Бекеновтің өзінің де мәлімдемесі тараған болатын. Онда петропавлдық жігіт өзін ешкім күштеп әкетпегінін айтқан.

Дүйім елді елең еткізіп, анасы мен жақындарын алаңдатып қойған Марғұлан Бекенов ғаламтор арқылы бейнеүндеу жолдады. 23 жастағы азаматтың сөзінше, оны ешкім ұрлап әкетпеген әрі Ресейдің «Вагнер» жасағының құрамына өз еркімен барған.

«Бұқаралық ақпарат құралдары мен ғаламторда Томск мемлекеттік университетінің студенті, яғни «мені ұрлап кетті» деп жатыр. Бұл алаңдап, мені кез келген жолмен осы жерден алып кеткісі келген анамның таратып жатқан ақпараты болса керек. «Вагнер» жасағының құрамына өз еркіммен келіп, арнайы әскери операцияға үлесімді қосайын дедім. Мен өзімді жақсы сезінемін, ұжым тамаша, өзімді таптым. Маған бұл жер ұнады. Психикалық және эмоционалды тұрғыда жағдайым қалыпты. Қайталаймын, мені ешкім ұрлаған жоқ», - дейді Марғұлан Бекенов.

Еліміздің сыртқы істер министрлігі бұл жағдайдан хабардар екенін, ақпаратты тексеріп жатқанын жеткізді.

«Бізде бар мәлімет бойынша, бұл азамат «Вагнер» жеке әскер тобымен ерікті түрде келісімге қол қойған. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі бұл азаматтың туыстары қайырылған соң, Ресейдің тиісті органдарына сұрау салды. Ақпаратты тексеріп жатырмыз. Консул азаматтың туыстарымен байланыста», - дейді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров

Қорғаныс министрлігінінен Марғұлан Асқарұлы денсаулығына байланысты әскери борышын өтемегенін білдік. Артынша Бекеновтің оқып жатқан Томск мемлекеттік университетіне хабарластық. Сөйтсе оны оқудан шығарып жіберді деген жауап алдық. Университеттің телеграм арнасында Марғұланның танысы тапқан едік. Ол да қысқа ғана жауап қатты.

«Туыстары алаңдап бітті-ау. Оның жағдайы қалыпты. Мен оның танысының танысымын. Ол қарызға батып, амалсыздан әскери операцияға кетті. Бар білерім осы ғана», – дейді Валерий есімді ер адам.

Тілшілер Марғұлан мен анасының мекенжайы бойынша Петропавлдағы үйіне барған.

«Мен бұл үйде бұрыннан тұрамын. Алайда Бекеновтер отбасын еш көрмедім. Ол үйде өзге ұлттың отбасы тұрады. Күні кеше учаскелік полицей де келіп, осы жайлы мән-жайды сұраған еді», – дейді көршісі.

Өзін қоярға жер таппай шарқ ұрған анасы шекара асып, бірнеше апта бойы ұлын таба алмай жүр. Соңғы рет «Вагнер» жасағы ұлын 12 сәуірде майданға жібергенін айтқан. Адвокаттар бұл жағдайда Марғұланның өз еркімен барғаны дәлелденсе, оған 5-тен 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін айтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама