×

Петропавлда ЖЭО-дағы апаттан кейін жылу ақысы қайта есептелді

«СевКазЭнерго» жазда ыстық судан тапшылық болмайтынын мәлімдеді

 Самат Жақып 12.04.2022 | 12:52
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Петропавлдағы ЖЭО-да болған апат салдарынан жылу мен ыстық су ақысы қайта есептелді. Монополистер тұтынушыларға шамамен 102 миллион теңге қайтару туралы шешім қабылдады.

Өткен ай үшін бұл соманың жартысынан астамы халықтың коммуналдық шығынын өтеуге жұмсалды. Себебі кәсіпорында болған төтенше жағдайға байланысты монополистер қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз ете алмады.

Естеріңізге сала кетейік, 20 наурызда жылу электр орталығындағы №1 түтін мұржасы опырылып түскен болатын. Апат салдарынан 37 жастағы машинист (әйел) қайтыс болды.

Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, ЖЭО директоры мен бас инженерін қамауға алынды. Кейін бұл жағдайға қатысты «СевКазЭнерго» компаниясының бас директоры да ұсталды.

Қазір стратегиялық нысанды қалпына келтіру үшін арнайы Жол картасы қабылданды. Мамандар кәсіпорынға толық сараптама жүргізіп, алдағы уақытта нақты шешім қабылдайтынын айтты. Алдын ала болжам бойынша ЖЭО-ның үздіксіз жұмыс істеуіне 18 миллард теңге қаражат керек. Ал осы айдың ортасынан бастап құлаған мұржаны бұзу жұмыстары басталмақ.

«Көптің аузында Петропавл қаласы жаз айларында ыстық сусыз қалады деген әңгіме жүр. Мұндай проблема болмайды. Бұл - қауесет сөз. Шаһар тұрғындарын ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз етеміз. Ол үшін кәсіпорын үш қазандық кестесіне ауысады. Ал жылу ақысы наурыз айында қайта есептелді. 102 миллион теңгенің 65 миллионы халықтан алынған жоқ. Ал қалған сома кәсіпорындармен әлеуметтік нысандарға тиесілі екенін айта кеткім келеді», - дейді «СевКазЭнерго» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Андрей Калининчев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама