Halyq Uni логотип
×

Конституциялық Сот: БАҚ-та адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалану Конституцияға қайшы келмейді

Құзырлы орган азаматтың өтінішін қарады

 Ербол Тұрымбет 22.04.2023 | 15:20
Конституциялық Сот: БАҚ-та адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалану Конституцияға қайшы келмейді
Фото: aikyn.kz

Конституциялық Сот «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-1-тармағы 3) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексерді.

Конституциялық Соттың хабарлауынша, азамат С.В. Наумцевтің БАҚ туралы заңның 14-бабы 1-1-тармағының 3) тармақшасын Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 2-тармағына және 18-бабының 1-тармағына сәйкес келмейді деп тану туралы өтініші келіп түскен.

Өтініш авторының пікірінше, даулы норма оның республиканың бүкіл аумағында жоғары заңды күші бар Конституцияда бекітілген жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұғылмаушылық құқығын бұзады.

 Конституциялық Соттың шешімі

Конституциялық Сот «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-1-тармағының 3) тармақшасын Конституцияның 4-бабының 2-тармағына және 18-бабының 1-тармағына сәйкес келеді деп қаулы етті.  

 Конституциялық Соттың ұстанымдары

Қазақстан Республикасында азаматтың өзінің бейнесін қорғау құқығы мемлекеттің қорғауында. Азаматтың бейнесін қорғау тек конституциялық нормалармен ғана емес, азаматтық заңнамамен де реттеледі. Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 145-бабына сәйкес азаматтың бейнесін жариялау және одан кейін пайдалану алдында оның келісімін алу талап етіледі. Сондай-ақ «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7 және 15-баптарының ережелерін ескеру қажет, олар дербес деректерді пайдалануға олардың меншік иесінің келісімі болған кезде ғана жол берілетінін белгілейді.

Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында қажет болған шамада ғана заңдармен шектелуі мүмкін.

Заңның бейнені бұқаралық ақпарат құралдарында бейнеленетін адамның келісімінсіз жариялау мүмкіндігі туралы ережесі осы адамның жеке өмірге қол сұғылмау, өзінің және отбасының құпиясы болу құқығын шектейді. Бірақ мұндай шектеуге Конституцияның 39-бабының 1-тармағында көзделген шарттар сақталған кезде жол беріледі. Конституциялық Кеңестің осыған дейін айтқан ұстанымына сәйкес конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау құқықтар мен бостандықтардың шектелуіне, егер мұндай шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болса және әділдік талаптарына сай келсе, пропорционал, мөлшерлес және конституциялық маңызы бар құндылықтарды қорғау үшін демократиялық мемлекетте қажет болып табылса, себеп бола алады (2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулысы).

Қаралып отырған тармақшаны Конституцияның 39-бабы 1-тармағының шарттарымен салыстыру мыналарды көрсетеді – шектеу: заңмен белгіленеді;

нақты жағдайларда мемлекет пен қоғамның маңызды қажеттіліктеріне сай келетіндіктен қажет деп қарастырылуы мүмкін. Бұл қажеттіліктер адамның жеке өміріне араласпауды, өзінің және отбасының құпиясын сақтауды білдіретін мүдделерінен басым болуы мүмкін (мысалы, іздестіру іс-шаралары, хабарсыз кеткендерді іздеу, құқық бұзушылықтан жәбір көргендерді анықтау кезінде және басқалар). Жеке өмірге қол сұғылмау құқығы (бейнелеу құқығын қоса алғанда) мен адамның жеке өміріне араласуға жария қажеттілікті салыстырып қарау мәселелері құқық қолдану практикасы процесінде мұндай араласуға жол беруді бағалау кезінде назарға алынуға тиіс;

конституциялық тұрғыдан танылған: конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсаттарын көздейді;

мөлшерлес болып табылады. Жоғарыда көрсетілген мақсаттарға қаралып отырған шектеу (адамның келісімінсіз бейнені тарату) арқылы қол жеткізілуі мүмкін, бұл артық болып табылмайды. Нақты жағдайда шектеу нәтижесінде қол жеткізілген қоғамдық игіліктің ол келтірген зияннан гөрі пайдасы көп болуы мүмкін.

БАҚ туралы заңның 14-бабы 1-1-тармағының 3) тармақшасында көзделген ерекшеліктердің (шектеулердің) мақсаттары Конституцияның 39-бабының 1-тармағында көзделген шектеулердің нысаналы мақсаттарына дәлме-дәл сәйкес келеді, бұл қаралып отырған жағдайда адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеуге конституциялық көзқарастың сақталғанын куәландырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама