×

Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есе артуы тиіс - премьер-министр

Үкімет басшысы Абай облысының шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесті

 Динара Амантай 22.04.2023 | 10:01
Фото: t.me/KZgovernment

Абай облысында жұмыс сапарымен болған премьер-министр Әлихан Смайылов «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражай-қорығының экспозициясымен танысып, өңірдің шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет басшысы «Жидебай-Бөрілі» аумағында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, содан кейін мұражай-қорықтың экспозициясымен танысты. Премьер-Министрдің облыс зиялыларымен кездесуі барысында жаңа білім беру мекемелерін салу және жұмыс істеп тұрған білім ошақтарын дамыту, мәдениет және өнер саласындағы жобаларды жүзеге асыру және Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай іс-шаралар өткізу мәселелері талқыланды.

Сұрақтарға жауап беру барысында Әлихан Смайылов Абай облысында 300-ге жуық мәдениет және өнер ошағы бар екенін, онда 2 мыңнан астам адам жұмыс істейтін атап өтті. Бұған мұражайлар, мұрағаттар, кітапханалар, филармониялар, мәдениет үйлері және т. б. кіреді.

Үкімет мәдениетті дамытуға үлес қосып жүрген қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде шаралар қабылдауда. Өткен жылдан бастап республикада мәдениет қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру басталды. 2025 жылға қарай жалақы екі есеге артуы тиіс», — деді ол.

Сонымен қатар премьер-министр алдағы уақытта мектептер салуды жалғастыру, студенттерге арналған білім беру гранттарының санын арттыру, облыстың жоғары оқу орындарын дамыту және оларда жаңа жатақханалар ашу жоспарларын белгіледі. Ол бұл қадамдар өңірдің мәдени әлеуетін көтеруге елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Премьер-министр жұмыс сапары аясында облыс тұрғындарына мамандандырылған онкологиялық көмек көрсететін Ядролық медицина және онкология орталығының жұмысымен танысты. Медициналық мекемеде әртүрлі бейіндегі тәулік бойы жұмыс істейтін стационардың 165 төсек-орны орналастырылған. Мұнда сәулелік, клиникалық және радионуклидтік диагностика бөлімшелері, эндоскопия бөлімшесі және т.б. жұмыс істейді.

Еліміздегі жалғыз радионуклидті терапия бөлім осы орталықта орналасқан. Ауруларды диагностикалаудың материалдық-техникалық базасы жақсарды. Оның ішінде қатерлі ісік ауруын ерте анықтау мен жедел хирургиялық емдеу де бар. Орталыққа жоғары білікті қызмет көрсететін заманауи хирургиялық корпус қажет. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені пысықтауы тиіс, — деді Әлихан Смайылов.

Бұдан кейін Үкімет басшысы бюджет есебінен салынып, жыл басында пайдалануға берілген 150 орындық мүгедектерге арналған облыстық жаңа абилитация және оңалту орталығында болды. Орталықта балалар мен ересектерге жартылай стационарлық жағдайда кешенді медициналық-әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық оңалту жүргізіледі. Сырттан ем алуға келгендерге 1 айдан 6 айға дейін уақытша тұру мүмкіндігі бар.

Әлихан Смайылов мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылға қарай еліміздің 12 облысында әрқайсысы 150 орындық жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарланғанын атап өтті. Бұл оңалту кезеңінде мүгедек азаматтардың орталықта тәулік бойы қалуына мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама