Halyq Uni логотип
×

«Мойындату үшін ұрып-соққан»: Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сотталған сарбаздың анасы тың деректермен бөлісті

Ұлымды мойындату үшін тергеушілер ұрып-соққан

 Халық үні 22.04.2023 | 07:32
«Мойындату үшін ұрып-соққан»: Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сотталған сарбаздың анасы тың деректермен бөлісті
фото: stan.kz

Әскерге барып, 4 күннен соң көз жұмған Әлібек Қалбайды өлтірді деп айыпталған Айболат Аманжоловтың анасы ұлының кінәлі екеніне сенбейтінін мәлімдеді. Айнұр Төлемісованың сөзінше, ұлын «әскердегі былықтар» ашылмау үшін ғана соттап жіберген. Әрі сот процесінде тек бір куәгердің сөзі назарға алынды дейді. Stan.kz тілшісіне сұхбат берген Айнұр Төлемісова даулы іске қатысты тың деректермен бөлісті.

«Ұлымды мойындату үшін тергеушілер ұрып-соққан» 

Айнұр Төлемісова ұлы Айболатпен 8 айы бойы кездесе алмағанын айтады. Тек 2023 жылдың қаңтарында баласымен жолығып, тергеуге қатысты кей деректерді білген. 

«Ұлыммен бірге тағы 7-8 бала тергелген. Айболатты Гвардейский қалашығының тергеушілері ұрған көрінеді.«Артыңдағы бауырларыңды ойла» деген. Балам өзін бопсалап, мойындату үшін ұрып-соққанын сотта да айтты. Тіпті жанында бірге болған сарбаздың сөзін құлаққа да ілмепті. Бастапқыда ұрып-соғу деректеріне қатысты іс қозғап еді, бірақ мұны прокурорлар тоқтатып тастады. Тергеу мен сот процесінің қалай жүргенін көргенде күлкің келеді. Мұның барлығын журналистерге де айттық, барлығы біледі», – дейді Айнұр Төлемісова. 

Айболаттың анасы барлығы 174 куәгердің болғанын айтады. Әйткенмен тек бір ғана адамның куәлігі негізінде сот жүрді дейді. 

«Николай Курочкин деген сарбаз куәгер болды. Оның өзі бір сөзінде марқұм Әлібек мен Айболаттың арканың жанында төбелскенін, енді бір сөзінде дәретханының алдында төбелескенін айтады. Тіпті Курочкин сөзінен жаңылып отыр. Ал қалған 174 куәгер ешқандай төбелес болмаған деп отыр. Көз жұмған сарбаз сапта тұрғанда құлап қалды деген. Кейін бір сарбаз Николай Курочкиннің ақыл-есінде ауытқу бар екенін айтқан. Сонда олар ауытқуы бар адамның сөзіне сенгені ме?», – деп қосты Айболаттың анасы. 

Бастапқыда Николай Курочкин тергеуге іліккен сарбаздарды танымайтынын мәлімдепті. 

«Тергеу кезінде балаларды кешкі 18:00 кезінен түнгі 01:00-ге дейін ұстайды екен. Сол жерде болған сарбаздардың біреуі әлгі Курочкиннің тергеушілермен бірге сусын ішіп, кәуәп жеп отырғанын көрген.«Осыдан-ақ Николайды өз жақтарына тартып, сатып алғанын байқауға болады» деп сарбаздар сотта айтты», – дейді ол.

Әлібек Қалбайдың өлімінен кейін жақындары тәуелсіз медициналық сараптама жасатыпты. Нәтижесінде марқұмның ішкі ағзаларына зақым келіп, сарбазды доғал затпен ұрғаны анықталған. 

«Әлібектің денесінде 18 көгерген жарақат бар. Оның үстіне доғал затпен соққы алған. Не болмаса мұндай із биіктен құлағанда қалады екен. Ішкі ағзаларына зақым келіпті. Бауыры мен бүйрігі езілген, ішектері зақымдалған. Подполковник Нұралин мұндай соққыларды бір адам жасай алмайтынын сотта ашып айтты», – деп түсіндірді Айболаттың анасы.

«Ұлым әскердегі былық ашылмау үшін сотталып отыр» 

Айнұр Төлемісова ұлы Айболатты 8 жылға соттау туралы бұйрықтың жоғарыдан түскенін мәлімдеді. Себебі Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты деректер жайылса, әскердегі былықтың беті ашылады деп қорыққан, дейді ол.

«Айболатты соттау жайлы бұйрық билікте отырған шенділерден түскен. Бұл іске қатысты шындық ашылса, қорғаныс саласындағы талай адамның былығы әшкере болады. Мұндай деректі тергеу барысында білдік. Оның үстіне Естай есімді судья «Мына баланы соттауға ар-ұятым жібермейді» деп істі қайта тергеуге жіберген. Алайда аппеляциялық сот Астанада 5-10 минутқа ғана созылды. Жазбалары адвокатта бар. Кейін іс қайта сотқа жіберілді. Егер тергеу екінші рет жүргізілгенде шындықтың беті ашылар ма еді», – деп қосты Айнұр Төлемісова. 

Сот шешімімен келіспейтінін айтқан ана істің толыққанды тергелмегенін қосып өтті. Тіпті куәгер болған Николай Курочкин келісімшартпен қызмет ету үшін әскерде қалған дейді. 

«Сот үкімін оқыған судья Зарина Рахметова бетімізге қарай алмады, тез оқып, шығып кетті. Ал іспен танысқан адамдар 21 томдық қылмыстық істің үкімі кем дегенде 190-200 бет болуы керегін айтады. Біздің үкім тек 20-25 бет қана. Сонда әділдік қайда? Куәгер болған Курочкинді де шындық ашылмау үшін әскерде алып қалып отыр. Әйтпесе борышын өтеп болған соң барлығын айтып бермейтініне кім кепіл?» – деп ашынады Айнұр Төлемісова. 

«Жаңа Қазақстанда» әділдік орнайды деп үміттенемін 

Айнұр Төлемісова енді аппеляциялық шағымға арыз түсірмекші. Дегенмен сот отырысы кезінде әбден қарызға батқанын айтады. Себебі адвокат пен өзге де шығындарға қаражат керек болғандықтан несие алыпты. 

«Әлібек Қалбайдың туыстары сотта моральдық өтемақы талап еткен. Бірақ бұл қаржыны ұлым Айболат төлейді деп міндеттеді. Бұдан бөлек сараптамаға төлеген қаржысы, адвокат жалдауға кеткен шығындарын да балам өтейді. 18 жастағы баланың 8 миллион теңгені төлеуі керек. Үйде тек әкесі ғана жұмыс істейді. Шынымды айтсам қазір тек тірі өлік болып жүрмін. Әрі қарай не болатынын білмеймін. Аппеляциялық шағым түсірмекпіз. Жаңа Қазақстанда әділдік орнайды деп үміттенемін. Мұндайды жауыма да тілемеймін», – деп аяқтады Айнұр Төлемісова. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама