Студенттер мен оқушыларды жұмысқа алған кәсіпорындарға жеңілдік беру ұсынылды
Қылмыс жасайтын жасөпірімдердің бос уақыты көп
Жазда студенттер мен оқушыларды жұмысқа алған кәсіпорындарды ынталандыру керек. Бұл туралы Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың негізгі себебінің бірі – жұмысыздық пен бос уақыттың көптігі. Тәжірибе қылмыс жасаған жасөсіпірімдердің жартысынан астамы еш жерде оқымаған және еш жерде жұмыс істемегенін көрсетті, - деді Игорь Лепеха.
Оның пікірінше, ауыл жастары арасында да бұл мәселе өзекті.
Ауылда жастардың дамуына, бос уақытын өткізетін шараларды ұйымдастыруға жағдай жасау қажет. Бұл проблеманы шешудің бір жолы – жазғы демалыста студенттер мен жоғары сынып оқушыларын жұмысқа тартқан кәсіпорындарға жеңілдіктер ұсыну. Аталған шара жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне септігін тигізіп, жастардың әрекетін дұрыс арнаға бағыттайды, - деді министрдің орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін ІІМ отбасының шырқын бұзатындарды жазалауға туыстары кедергі екенін хабарлаған болатын.