Елімізде балаларға арналған SIM карта енгізу ұсынылды
Идея іске асса, экран уақыты шектеледі
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ата-аналардың бақылауында болатын балалардың SIM картасын енгізу туралы ұсыныс айтты.
Ол Мәжілісте мұндай SIM картаны ата-ананың телефонына қосу керектігін, бала интернетке қосылған жағдайда ата-анасынан рұқсат сұралатынын атап өтті.
Оқу-ағарту министрлігі SIM карта енгізу туралы ұсыныс жасады. Осылай баланың қандай сайттарға кіретінін, қандай әлеуметтік желілерді пайдаланатынын бақылауға болады. Өздеріңіз білетіндей, балалар түнде интернетте отырады. Ал экран уақытын біз шектей аламыз. Бұл мәселенің техникалық бөлігі ғана. Біз балалардың қауіпсіздігін ойлайтын министрлік ретінде осыны ұсынамыз, – деді Еділ Оспан
Оның айтуынша, әзірше бұл идея Оқу-ағарту министрлігі өзекті деп санайтын ұсыныстар деңгейінде ғана қалып отыр.
Бұған дейін TikTok балалар мен жасөспірімдер үшін сервисті пайдалану уақытын шектеу туралы шешім қабылдаған болатын. Алдағы апталарда 18 жасқа толмаған пайдаланушының экраны күніне 60 минуттан соң шектеледі.