Мамандар елді мекендерге қауіп жоғын айтты
Орал қаласының шетінде орналасқан Перевалочная тоғай ауданында, «Орман және жануарлар дүниесін қорғау» ММ аумағында құрғақ шөп және орман екпелері өртеніп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
БҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 сәуірде құрғақ шөптер мен орман екпелері өртеніп, жалпы ауданы 70 гектарды құрады.
Жергілікті атқарушы органдардың, ТЖМ бөлімшелерінің, «Орман және жануарлар дүниесін қорғау» ММ бірлескен жедел іс-қимылдарының арқасында өрт осы алаңда сағат 20:36-да оқшауланды. Елді мекендерге қауіп жоқ, жекелеген жану ошақтарына су төгу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түнгі уақытта жасырын жану ошақтарының жоқ екеніне көз жеткізу және олардың қайта жануына жол бермеу үшін өрт шарпыған 3 учаскедегі ұсақ жану ошақтарына су төгу және қарауылдау жұмыстары жүргізілді.
Қазір желдің жылдамдығы: 5-7 м/с, сыртқы ауа температурасы: +11 градус.
Жел бағытының үнемі өзгеруіне және арнайы техниканың өтуіне қол жеткізу қиын болғандықтан өртті сөндіру қиынға соқты, сөндіру жұмыстары жаяу жүргізіліп жатыр.
БҚО ТЖД Дағдарыс орталығында Орал қаласы әкімдігінің, Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау коммуналдық мемлекеттік мекемесі (орман шаруашылығы), Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, «Батыс Қазақстан өңірлік электр желісі», «Жайықтазақала» ЖШС, «Батыс Су арнасы» ЖШС жауапты тұлғаларын тарта отырып, жедел штаб қызмет көрсетіп жатыр.
Өртті сөндіруге жалпы ТЖД, «Резерв» мемлекеттік емес өртке қарсы қызметі, әкімдіктің ерікті өртке қарсы құралымдары, орман шаруашылығы, «Жайықтазақала» ЖШС-ның 158 адамы және 34 техникасы жұмылдырылды.